Харам жолмен табылған ақшамен қажылық жасаса не болады?
Ассаламу алейкум. Жастайымыздан түрлі жұмыстарға жалданып, тіршілік қуып, сан түрлі істерге бас сұқтық. Барлық ісім бірдей дұрыс болды деп айтпаймын. Алайда сол кездері қажылық жасап «қажы» атандым.
Қазір ойлап қарасам, ол кезде дұрыс емес нәрселермен де айналысқан екенбіз. Қажылыққа соның қаражатын қолдандық. Енді сұрағым кеп тұрғаны: қажылығым не болды? Қайта қажылық жасауым керек пе?
Жауап
Бұл сұраққа қатысты Имам Ибн Абидин «Раддул мухтар» атты кітабының «Харам жолмен табылған қаражатпен жасалған қажылық» бабында былай деп жауап берген: «Мұнда: «Белгілі жерді, белгілі уақытта, белгілі іс-әрекеттермен зиярат ету»[1] деген анықтамаға сай келетін қажылық өз затында харам болмайды. Мұндағы харам болатыны – харам қаражатты қолдану. Ол екеуінің[2] арасында тікелей байланыс жоқ. Бұның мысалы зорлықпен тартылып алынған жерде оқылған намаз іспеттес. Ондағы харам болатын нәрсе – тартылып алынған жерді қолдану. Әйтпесе, намаздың өзі харам болмайды. Үкімі парыз болған нәрсе ешқашан харам деп сипатталмайды. Мұнда да сол сияқты, қажылық – өз алдына парыз амал, алайда харам болатыны – жұмсаған қаражаты.
Расында қажылық, жоғарыда атап өткеніміздей, дене мен қаражаттың қатысуымен жасалатын ғибадат. Сол үшін де «Бахр»[3] кітабында: «(Қажылық жасаушы) халал қаражат табуға әрекет етеді. Кері жағдайда хадисте зікір етілгендей[4], харам жолмен табылған қаражатпен жасалған қажылығы қабыл болмайды. Алайда мойнындағы парызы түседі. Мұнда «мойнынан парыздың түсуі» мен «қабыл болмайды» деген түсініктердің арасында қайшылық жоқ. Қабыл болмағаны үшін қажылықтың сауабынан мақұрым қалады. Алайда қажылық парызын орындамапты деп те сөгілмейді»[5]. Себебі, «мойыннан парыздың түсуі» деген – рүкіндер[6] мен шарттардың[7] толық болуымен өлшенеді. Ал «қабыл болу» болса, сауаппен байланысты, ол ықыластаң тазалығы мен малдың адалдығына байланысты. Бұның мысалы: адамдар көрсін деп оқылған намаз бен ғайбаттан тыйылмаған ораза іспетті. Бұл амалдарды орындаған адамның мойнынан парыз түседі, алайда сауаптан мақұрым қалады. Ең дұрысы Аллаға мәлім»[8].
Сәттілік иесі Алла ғана.
Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы
[1] Қажылықтың терминдік анықтамасы.
[2] Қажылық пен харам қаражаттың.
[3] Әл-бахрур-раиқ кітабы; Ибн Нажимнің (р.а) еңбегі.
[4] Имам Муслимнің жеткізген: «إنَّ اللَّهَ طَيِّبٌ لَا يَقْبَلُ إلَّا طَيِّبًا» «Алла Тағала таза (пәк), тек таза (халал, харам араласпаған) нәрсені ғана қабылдайды» деген хадиске сілтеме.
[5] Ибн Нәжимнің сөзінің соңы.
[6] Ішкі парыздар.
[7] Сыртқы парыздар.
[8] Ибн Абидиннің сөзінің соңы.