Шәууәл оразасының орнына қазамды өтесем, бір жылдық сауап алам ба?

07 маусым 2019 10229 0
Оқу режимі

Сәлеметсіздер ме?  Мен 10 шақты жылдан бері ораза ұстаймын. Бұрын оразадағы хайыз кездегі қарыз күндерімді бөлек өтеп жүргенмін. Енді 2-3 жылдан бері шәууәл айында 6 күн ораза ұстап, қарыздарым да сол күндердің ішінде деп ниет етіп жүрмін, себебі солай істеуге болады деп оқығанмын бір жерден. Сол дұрыс па? Анығын айтып берсеңіздер.


Жауап

Уағалейкумуссалам!

Айгерім ханым, бұл мәселеде ғалымдарымыз пікірі екіге айырылады. Бірінші пікір бойынша, екеуі екі түрлі ғибадат болғандықтан екеуіне екі бөлек ниетпен екі бөлек уақытта өтеу керек. Өйткені, әрқайсысы дінімізде бөлек ғибадат ретінде айтылған. Мәселен, бесін намазының сүннетіне бөлек, парызына бөлек ниет етіп, екеуін бөлек өтейтініміз секілді ораза да осы секілді бөлек өтеледі. Ендеше, оразадан қарызы бар жандар әуелі қарызын өтеп алып, содан кейін барып шәууәл оразасын ұстасын дейді[1].

Ал, екінші пікірдегі ғұламалар: «Шәууәл айында қаза оразаларын өтеген кісіге сол айдағы алты күн оразаның да сауабы жазылады. Тек ниет еткенде қаза оразаға ниет етуі керек, шәууал оразасына емес. Оның өтеген қаза оразасы шәууәл айының алты күн оразасына дөп келгендіктен, оның да сауабы жазылады. Себебі, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім рамазан айының оразасын ұстап, оған қосымша шәууал айында алты күн қосар болса, ол бір жыл ораза ұстаған сияқты болады»[2], – деген хадисінде жалпылама оразаға ниет етуді айтуда. Яғни, хадистің айтпағы: қандай да бір оразаға осы айда ниет еткен кісі бір жыл ораза ұстағанның сауабын алады», – деп отыр олар[3].

Екі пікірді түйіндей келе айтарымыз, ораза ұстау арқылы сауабын еселеп алғысы келген кісі екі оразаны екі бөлек өтегені жөн. Себебі, қаншалықты көп ораза ұстаған болсақ, соншалықты сауабы да мол болмақ. Ал, енді артық ораза ұстауға қиналатын немесе артық ораза ұстауға жағдайы келіңкіремейтін кісілер рамазан айынан кейін тек қаза оразаларын ұстаса, шәууәл айының да нәпіл оразасын қатар өтегендей болып, бір жылдық ораза сауабына кенеледі деген үмітпен оған да рұқсат.

 


[1] http://fatwa.islamweb.net/fatwa
[2] Әбу Дәуід; Ибн Мәжә.; Муслим
[3] Проф.Доктор Али Жұма, әл-Баян – 290 бет. 2005ж. Каир; T.D.B. ILMIHAL -  1 c/411 s.

Пікірлер Кіру