Неге қазір ағасы мен қарындасы үйлене алмайды?

29 наурыз 2019 14444 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Адамзаттың таралуы жайында сұрағым бар еді: «Барлығымыз Адам ата мен Хауа анадан тарағанымыз белгілі. Екеуінен туған ұл қыздар бір-бірімен қосылған ба? Сонда аға-қарындастар бір-бірімен қосылған боп тұр ғой. Онда неге қазір аға-қарындастар бір-бірімен қосылмайды?» деген досымның бір сұрағына жауап бере алмай қиналдым. Жалпы адамзаттың таралуын қалай жеңіл түсіндіруге болады? Рахмет. Нұрсұлтан Үсенұлы


Жауап

Уа алейкум ассалам.

Адамзаттың таралуына қатысты қысқаша айтар болсақ: барлығымыз Адам ата мен Хауа анадан тарадық. Әрі олардан туылған қыздары мен ұлдары бір-бірімен үйленген. Алайда, бұл шариғат сол кезеңге тән шариғат еді. Дегенмен, адамзат көбейгеннен кейін, Алла Тағала бұл шариғаттың күшін жойып, белгілі бір адамдарға үйленуге тыйым салған жаңа шариғат түсірді.

Толығырақ: Алла Тағала – ұлы хикмет иесі. Тарих бойынша Алла Тағала құлдарын түрлі сынақтармен сынаған. Кей құлдарын сынақтың бір түрімен сынаса, құлдарының екінші тобын өзге сынақпен сынаған. Бір халыққа адал қылған нәрсесін екінші халыққа арам қылған. Бұның мысалы көп.

Мысалға, Мұса пайғамбардың (ғ.с) кезінде бір ер адам бір үйдің екі қызын бір уақытта алуына рұқсат берілген, алайда Ислам келіп оның күшін жойған. Сол сияқты бұрынғы үмметтерде кімде-кім ораза ұстаса, тек тамақ ішумен ғана емес, сөз сөйлеуден де тыйылатын болған. Бұл сынды мысалдар көп. Алла Тағала әр қоғамға пайғамбар жібергенде, сол халықтың жағдайына қарай сынақтың түрін де белгілеп отырған. Бұл сол халықтың шариғаты болған.

Алайда, ең соңғы Пайғамбардың (с.ғ.с) келуімен соңғы шариғат түсірілді. Бұл шариғат – кемел шариғат, қияметке дейін өз жалғасын табатын шариғат әрі әуелгі пайғамбарлардың шариғаттарының ерекше тұстарының күшін жоятын шариғат. Бұған қатысты имам Заркәши сынды ғалымдар: «Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шариғаты – басқа шариғаттардың барлығының күшін жоюшы шариғат. Бұл ижмағпен бекітілген»,[1] – деген. Адам ата мен Хауа ананың заманында балаларының бір-бірімен үйленгендері де осы баптан. Ол кездегі рұқсат етілген бұл амал, Құранның:

حُرِّمَتْ عَلَيْكُمْ أُمَّهَاتُكُمْ وَبَنَاتُكُمْ وَأَخَوَاتُكُمْ وَعَمَّاتُكُمْ وَخَالَاتُكُمْ وَبَنَاتُ الْأَخِ وَبَنَاتُ الْأُخْتِ وَأُمَّهَاتُكُمُ اللَّاتِي أَرْضَعْنَكُمْ وَأَخَوَاتُكُم مِّنَ الرَّضَاعَةِ وَأُمَّهَاتُ نِسَائِكُمْ وَرَبَائِبُكُمُ اللَّاتِي فِي حُجُورِكُم مِّن نِّسَائِكُمُ اللَّاتِي دَخَلْتُم بِهِنَّ فَإِن لَّمْ تَكُونُوا دَخَلْتُم بِهِنَّ فَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ وَحَلَائِلُ أَبْنَائِكُمُ الَّذِينَ مِنْ أَصْلَابِكُمْ وَأَن تَجْمَعُوا بَيْنَ الْأُخْتَيْنِ إِلَّا مَا قَدْ سَلَفَ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ غَفُورًا رَّحِيمًا

«Сендерге аналарың, (әке-шешелеріңнің аналары) қыздарың, (Ұл-қыздарыңның қыздары,) қыз туыстарың, (әке-шеше бір не бөлек,) әкелеріңмен туысқан әйелдер, шешелеріңмен туысқан әйелдер, еркек және қыз туыстарыңның қыздары, (олардың қыздары,) сүт емізген аналарың, еміскен қыз туыстарың, қайын аналарың, жақындасқан әйелдеріңнің (бұрынғы ерінен болған) қолдарыңдағы өгей қыздарың, егер ол әйелдерге жақындаспаған болсаңдар, сендерге бір оқасы жоқ. Бел балаларыңның әйелдері және екі қыз туысты бірге үйленулерің арам қылынды. Бірақ өткен өтті. Негізінен Алла (Т.) тым жарылқаушы ерекше мейірімді»[2], – деген аятымен түбегейлі тыйылған. Осы себепті қазіргі таңда аға-қарындастар бір-бірімен үйленбейді.

Десек те, әуелден еш өзгермеген негізгі нәрселер де бар. Ол – сенім мәселесі. Алланың бар әрі бір екенін білу тарих бойынша еш өзгермеген. Сол үшін де Алла Тағаланың жіберген барша пайғамбарлары (а.с) осы ақиқаттың жаршысы болған.  Бұған қатысты Алла Тағала:

وَمَا أَرْسَلْنَا مِنْ قَبْلِكَ مِنْ رَسُولٍ إِلَّا نُوحِي إِلَيْهِ أَنَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنَا فَاعْبُدُونِ

«(Мұхаммед ғ.с.) сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Онда Маған ғана құлшылық қылыңдар» деп қана уахи етіп жібердік»,[3] – деген.

Ең дұрысы Аллаға мәлім.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Бахрул-мухит фи усулил-фиқх

[2] Ниса 23

[3] Әнбия 25

Пікірлер Кіру