Әйеліме айтпай екіншісін алсам бола ма?

16 қараша 2018 12206 0
Оқу режимі

Мен екінші әйел алғым келеді. Оған жағдайым да жетеді. Бірақ, бірінші әйелім бұған қарсы. Тіпті, бұл мәселеде ойланғысы да келмейді. Не істесем болады? Әйеліме айтпай-ақ екіншісін ала берсем бе екен?


Жауап

Отбасын құрып, ұрпақ сүйіп, ұрпақ көбейту – Ислам дінінде қасиетті де ардақты берекелі іс екені баршамызға мәлім. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйленіңдер және көбейіңдер, Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын» - деп, қасиетті хадисінде үйленудің қаншалықты маңызды екенін біздерге жеткізген. Осы өсиетті орындаудың жолы шариғатта неке деп аталады. Қазіргі таңда екі адамның басы біріге кетсе айтатын әңгімелері екінші әйел алу мәселесі. Жақсы, бірақ мақсат не? Біздердің ата-бабаларымыз алған, оны тарих жоққа шығармайды. Жетімге қамқор, жесірге пана болам, қолдан келген жақсылығымды жасағым келеді деген ниетте болса, құба-құп. Исламда екі немесе одан да көп әйел алуға рұқсат етілген, оның да  өз жолымен өз шарттары бар.

Жалпы жасырын некені жүзеге асыруға болмайды. Некенің шарты бойынша екі куәгер болса жеткілікті ғой, оның ата-анасынан сұрап, әйелімнен рұқсат сұрап, немесе елді жинап жария қылып не қыламыз деуіңіз мүмкін, әрине. Алайда көбінің: Неке шарттары қандай? Қандай жағдайда рұқсат етіледі? Екінші әйелді не мақсатта алып жатырмын? Алла разылығы үшін бе, әлде нәпсі құмарлық үшін бе?  деген сияқты сауалдарды өз-өздеріне қойып анық-қанығына жетуге дәті бара бермейді. Өкінішке орай, кей жастарымыз екінші әйелдікке жас қызды аламын деп өзінің отбасынан айырылып, әйелі жесір, балалары жетім қалып жатқан жайттары да бар. Яки, бұл жерде отбасы берекесі шайқалатындықтан, Ислам мұндайды құптамайды.

Әһли сунна имамдары Ханафи мәзһабының ғұламасы, Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мухаммад, Имам Малик және Имам Шафиғидың (р.а.) пікірі бойынша неке қиылу үшін қыздың әкесінің рұқсаты керек. Қыздың  қамқоршысының (уали) хабарынсыз қиылған неке – мауқуф. Яғни, ата-анасы құптамайынша толыққанды ерлі-зайыпты атана алмайды деген сөз. Имам Мұхаммад: «Егер қыздың қамқоршысы оның рұқсатынсыз неке қиылғандығын білсе, некені бұза да алады, құптай да алады», – деген. Қарап отырсақ, жасырынып қиылған неке әлсіз, жауапкершілігі төмен болады. Көптеген отбасында жасырын неке салдарынан қанша бала жетім, қанша әйел жесір қалды? Қаншама қыз балалардың ары аяққа тапталып, ертеңгі күні шоқ басып, өмір бойы опық жеп қалуы әбден мүмкін. Қазіргі таңда, осылай некелескен жігіттердің көбі өзінің жарын оңай талақ ете салуға даяр тұрады. Ғалымдарымыздың «егер неке қидырушы куәгерлерге менің үйленгенімді ешкімге айтпаңдаршы, ешкім білмесін деп шарт қоятын болса, ол неке жарамсыз» деген пікірлері бар. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шариғатқа қайшы үйлену мен шариғатқа сай үйленудің ара жігін айыратын нәрсе дабыл қағып, жария ету», – деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисін үлгі тұтқан дана халқымыз ата-анасының ақ батасын алып, шама-шарқына қарай дастарқан жайып, туған-туыстарды, көрші-қолаңды т.б. шақырып, беташар той жасап үйленгендігін жария ету арқылы жүзеге асырған.

Екінші немесе үшінші әйел алу үшін де қойылатын негізгі шарттың бірі – әділдік жасау. Яғни, екі әйелі бар адам екеуіне барлық жағынан теңдей қарауы тиіс. Үй-жай мәселесінде, киім кешек мәселесінде, азық-түлік мәселесінде, күнделікті үйге жұмсалатын қаражатта және отбасыға көңіл бөлу мәселесінде де бөлмей-жармай теңдей қарауы тиіс. Алла Тағала Құранда: «Егер әділетсіздік жасап қоюдан қорықсаңдар, біреумен шектеліңдер», – деген.

Құрметті мұсылман бауырлар! Қыз бала Алланың біздерге берген аманаты екенін ұмытпауымыз керек. Ол да біреудің аялап өсірген қызы, оның да ата-анасы бар. Ата-ана өзінің қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген қызының адал жарын көргісі келеді, бақытты, баянды өмір сүргендерін қалайды. Соның үшін, әйелдерімізден, ата-аналарымыздан т.б. адамзат балаларынан жасырынып қиылған неке тек нәпсәнің қалауы  ғана. Шынайы мұсылман қыз ата-анасының алдынан өтіп, ризалығын алып барып неке қидырады. Себебі, ата-ана разы болмайынша, ол кісілердің батасын алмайынша ұрпағы жәннатқа кіре алмайды.

Ата-ананың разылығы Алланың разылығы екенін ұмытпайық, ағайын!

Аят АЛМАХАНОВ,
Шу аудандық «Төле би» мешітінің бас имамы

 

Пікірлер Кіру