МҰСЫЛМАН ЖЫЛ САНАУЫ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

16 қаңтар 2025 138 0
Оқу режимі

МҰСЫЛМАН ЖЫЛ САНАУЫ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?


Жауап

Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай 29 не 30 күн болады.

Мұсылман жыл санауы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аударған уақытынан басталады. Оған себеп Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) Басра қаласының әкімі Әбу Мұса әл-Ашғариге (оған Алла разы болсын) хат жазады. Әбу Мұса (оған Алла разы болсын) Омарға (оған Алла разы болсын) былайша жауап хат жазады: «Сіздің жазған хатыңызды алдым. Алайда қашан жазылғаны жайында тарихы жазылмаған», – дейді.

Осылайша екінші халифа Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) Ислам күнтізбесін қай уақыттан басталатынын басқа сахабалармен ақылдасып, әртүрлі пікірден кейін, бәрі келісе отырып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аударған жылынан бастау туралы шешім қабылдады. Осылайша осы күннен һижра жыл санауы басталады.

Мұсылман күнтізбесі күнмен емес, аймен есептелгені себепті григориан күнтізбесінен біршама айырмашылығы бар. Осы себепті бір жылы – 10, басқа жылы 11 күнге қысқа болып жатады. Сол себепті мұсылман мейрамдары григориан күнтізбесінің түрлі күндеріне сәйкес келеді.

Мұсылман күнтізбесі 12 айдан тұрады. Ол шамамен 354 немесе 355 күнге сай келеді. Ол жайлы Құран Кәрімде: «Шындығында, Алланың құзырында айлардың саны он екі. Көктер мен жерді жаратқан күні Алланың Кітабында (Ләух махфузда) (солай жазылған)», – дейді. («Тәубе» сүресі, 36-аят).

Қасиетті қажылық айларынан соң келетін мұхаррам айы – Һижра жыл санауы бойынша алғашқы ай. Осы мұхаррам айынан мұсылман күнтізбесінде жаңа жыл басталады. Күн тізбесінде жаңа күн түнгі он екіден кейін басталатын болса, ай тізбесі бойынша жаңа күн күн батқаннан кейін басталады. Алла Тағала Құранда: «Алла Тағала түнді тынығу, күн мен айды есеп үшін жаратқан», – дейді. («Әнғам» сүресі, 96-аят).

Һижра жыл санауы дініміздегі Рамазан айының басталуы, ораза, құрбан аят сияқты діни мерекелерді дәл анықтауға мүмкіндік береді. Мұсылман жыл санауы әлем бойынша бірдей болып, мұсылман қоғамы уақытын бір жүйеге келтіреді.
 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №12, 2024 жыл

 

Автор: арслан айтбай

Пікірлер Кіру