ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫНДАРДЫҢ ҮКІМІ

22 қараша 2024 121 0
Оқу режимі

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫНДАРДЫҢ ҮКІМІ ҚАЛАЙ?


Жауап

Энергетикалық сусын – құрамында кофеин, қант, психостимуляторлық заттар қоспалары (матеин, гуарана, женьшень, шөп сығындылары, цикламат, сахарин, сукралоза) бар, орталық жүйке жүйесіне стимулятор ретінде әрекет ететін психикалық және физикалық адамдардың денсаулығына әсер ететін тәуелділікті тудыратын газдалған алкогольсіз немесе алкоголі аз сусын[1].

Энергетикалық сусындар алкогольсіз және алкогольді деп екіге бөлінеді:

  1. Алкогольді энергетикалық сусындар. Энергетикалық сусындардың құрамында алкоголь аз мөлшерде болса да оны ішуге тыйым салынады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَا أَسْكَرَ كَثِيرُهُ، فَقَلِيلُهُ حَرَامٌ

«Мас ететін нәрсенің азы да, көбі де – харам»[2], – деп айтқан.

  1. Алкогольсіз энергетикалық сусындар. Кез келген сусынның құрамында алкоголь, зиянды заттар, харам, нәжіс нәрселер болмаса оны қолдануға рұқсат етіледі. Ал құрамында адам баласының денсаулығына зиян беретін заттар болса (алкоголь, қауіпті заттар, харам, нәжіс т.б.) қолдануға тыйым салынады. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَلا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ

«Өздеріңді өз қолдарыңмен құрдымға кетірмеңдер ...»[3], – деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَا ضَرَرَ وَلَا ضِرَارَ

«Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды»[4], – деп ескерткен.

Энергетикалық сусындарды жиі қолдану ағзаға (жүрекке, жүйке жүйесіне, қан қысымының жоғарылауына, қант диабетіне, семіздікке, аяқ-қолдың діріліне, т.с.с.) қауіпті екені медицина тұрғысынан нақтыланған[5]. Сондықтан мұсылман адамға мұндай сусындардан аулақ болғаны дұрыс.

 

Шешім:

  1. Сусынның құрамында шариғатта тыйым салынған нәрселер болмаса, оны қолдануға рұқсат.
  2. Алкогольды энергетикалық сусындарды ішу – харам.
  3. Энергетикалық сусындарды жиі қолданудың ағзаға қауіпті екені медицина тұрғысынан нақтыланған болса, оны қолдануға тыйым салынады.

 

[1] https://legalacts.egov.kz/application/downloadconceptfile?id=14720104

[2] Имам Ахмад, Ибн Мәжә, Термизи риуаяты.

[3] «Бақара» сүресі, 195-аят.

[4] Ибн Мәжә риуаяты.

[5] Gunja N., Brown J.A. Energy drinks: health risks and toxicity. Med. J. Aust. 2012; 196:46-9. DOI: 10.5694/ MJA11.10838

 

 

Автор: Қожанов Қасым

Пікірлер Кіру