Оразаның басқа құлшылықтан айырмашылығы неде?

18 наурыз 2023 4744 0
Оқу режимі

Құдси хадисте Алла Тағала: «Оразаның сауабын Мен беремін», – дейді. Оразаның басқа құлшылықтан айырмашылығы неде?


Жауап

Бұл имам Бұхари мен Мүслим хадистер жинағында келген хадис. Риуаятта Алла Тағаланың: «Адам баласының оразадан басқа барлық амалы өзіне. Ол (ораза) Мен үшін. Оның сауабын Мен беремін...», – дегені көрсетіледі. Хафиз Ибн Хажар (Алла оны рақымына алсын) аталмыш хадиске сүйене отырып неліктен ораза ерекше ғибадат екеніне қатысты ғалымдардың бірқатар тұжырымдарын жинақтаған. Солардың бірнешеуіне тоқталайық:

1. Ораза – рия (көзбояушылық) араласпайтын құлшылық. Имам Қуртуби: «Құлшылықтардағы ниетке көзбояушылық кіре алады. Ал, оразаны Алладан басқа ешкім көрмейді. Сондықтан Алла Тағала Құдси хадисте: «Пендем мен үшін (оразада) құмарлығын тыяды», – деп айтқан.
2. «Оның сауабын Мен беремін» деген сөздің мағынасы: «Оразаның сауабы мен мөлшері Маған ғана аян», – дегені. Имам Қуртуби құлшылықтардың сауабы жайлы риуаяттар келтіреді. Хадисте: «Адам баласының әрбір амалының сауабы оннан жеті жүзге дейін еселенеді...» деп айтылған. Демек, әрбір амалдың сауап мөлшері жайлы хабардармыз. Ал, оразаның сауабын тек Алла ғана біледі.
3. Ораза – теңдесі жоқ құлшылық. Мәселен, мешітті Алланың үйі деп атаймыз. Оның мәні, мешіттің дініміздегі мәртебесі мен маңыздылығы жоғары екенін аңғартады. Сол сияқты «Ораза Мен үшін» деп Алла Тағала оразаны айшықтап айтуы аталмыш құлшылықтың терең сырын аңғартады.

Пікірлер Кіру