ЕР МЕН ӘЙЕЛ БІР ҚАТАРДА ТҰРЫП НАМАЗ ОҚИ АЛА МА?

22 желтоқсан 2022 12529 0
Оқу режимі

Әйел намазда имамға ұйығанда ер адамнан арақашықтығы қандай болуы керек? «Ер адам әйел адаммен бір қатарда намаз оқи алмайды» дейді, бірақ интернетте ерлі-зайыптылардың бірге намаз оқып жатқан фотолар көп. Нақты жауап күтемін.


Жауап

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кішкентай сахабамен намаз оқыған кезде оны оң жақтан тұрғызды, ал үлкен жасты әйелді артына тұрғызды, - деген хадис бар. Сондықтан, бірінші сапта ер кісілер, сосын кішкентай ер балалар кейін әйелдер тұруы керек. Ал орын болмай, намаз оқитын жер тарлық еткен жағдайда әйел кісінің аяғы ер кісінің өкшесінен аспайтындай деңгейде артта тұруы керек. Бұл мүмкіндік болмағанда жасалады. Негізінен, әйел кісінің толыққанды артқы сапта тұруы – ең абзалы.

Ер мен әйел бір қатарда тұрып намаз оқыса, намаз бұзылады.

Бұл жөнінде имам Қазихан: «Әйел үйінде күйеуімен бірге намаз оқығанда екеуінің аяқтары бір қатарда болса, екеуінің жамағат боп оқыған намазы дұрыс емес. Әйелдің аяғы күйеуінің өкше тұсында тұрса, дұрыс болады. Сәжде жасағанда әйелдің ұзын бойлы болғандығы себепті күйеуінің басымен деңгейлес келсе, намаз бұзылмайды. Өйткені, ескерілетін және мән берілетін дене мүшесі – басы емес, аяқ...», – дейді.

 

muslim.kz

Пікірлер Кіру