Доңыз бен есектің еті не үшін харам етілді?

20 қараша 2021 9176 0
Оқу режимі

Доңыз бен есектің етін не үшін харам етті?Толығырақ айтып бересіз ба осы жөнінде 


Жауап

Алла Тағала шошқа етінің харам екендігін Құранда былай баяндайды: «(Уа, Пайғамбар!): «Маған уахи етілгеннің ішінде азықтанған жанға өлік, аққан қан, шошқаның еті – өйткені ол лас нәрсе немесе Алладан өзге үшін шалынған пасықтықтан [малдан] басқа нәрсенің харам етілгенін таппадым» деп айт. Ал кім тыйымға қарсы шықпай әрі шектен аспай (харамды жеуге) мәжбүр болса, онда Раббың – Аса Кешірімді һәм Мейірбан!»[1].

Ал, есектің еті туралы Жәбірден (р.а.) жеткен риуаятта ол былай дейді: «Хайбарды алған күні Алла елшісі (с.ғ.с.) үй есегінің етін жеуге тыйым салып, жылқы етін жеуге рұқсат етті»[2].

Доңыз және есек етінің харам болуының негізгі себебі нәжістігінде, ластығында. Мұның өзі тыйым салуға жеткілікті. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Оларға жақсы нәрселерді халал етіп, лас нәрселерді харам ететін»[3].

Ибн Кәсир кейбір ғалымдардың сөзін жеткізіп былай дейді: «Алланың халал еткен нәрселерінің әрбірі жақсы саналады әрі ол адам баласының ағзасы мен дініне пайдалы. Ал әрбір харам еткен нәрсесі лас есептеледі әрі ол адам ағзасы мен дініне зиян келтіреді»[4].

Ендеше, шошқа мен есектің еті лас әрі адам ағзасына зиян болғандықтан харам етілген.

Алла толық білуші.

 


[1] «Әнғам» сүресі, 145-аят.
[2] Бухари 4219, Муслим 1941
[3] «Ағраф» сүресі, 157-аят.
[4] Ибн Кәсир, «Тәфсиру әл-қурани әл-Азим», 2/264.

Автор: Fatua.kz – ҚМДБ Шариғат және Пәтуа бөлімі

Пікірлер Кіру