Қалжыңдап қорқытуға бола ма?

17 тамыз 2021 6877 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум!

Әзіл-қалжың немесе ойын болсын деп достар бірін-бірі қорқытып жатады. Тіпті, қазір ғаламторда әзіл етеміз деп, адамның жанын ұшырардай етіп қалжыңдап жатқан бейне роликтер өте көп. Шариғат қалжыңның осы түріне қалай қарайды?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде: «Кімде-кім бауырына өткір затты кезенсе, затын тастамайынша оған періштелер қарғыс айтады. Тіпті, ол бір әке, бір анадан туған бауыр болса да[1]», – деп айтқан.

Бұл хадисті имам Науаи: «Хадисте мұсылманның қадір-қасиеті ерекше ескерілуде. Және мұсылманды қорқыту, көңіліне үрей салу және оған зиян тиетін бір әрекетке бару харам екендігі айтылып тұр. Хадистегі: «...Тіпті, ол бір әке, бір анадан туған бауыр болса да» деген сөз барлық адамға қатысты екендігі, оның күдікті немесе күдіксіз болуы, әрекеті әзіл немесе ойын болуы маңызды емес екендігі айтылып тұр. Өйткені, мұсылманды қандай жағдайда болмасын қорқыту харам», – деп түсіндірген.

Абдурахман бин Әбу Лайлә риуаятында: «Сахабалар пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге сапарда жүрген кез болатын. Араларынан біреуі ұйықтап жатқанда, достары оның қойнына әзілдеп арқан салып жібереді. Ұйқыдағы кісі қорқып кетеді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Мұсылманды мұсылман қорқытуына болмайды[2]»,-деген».

Және бір хадисте: «Ешбіреуің бауырының таяғын әзілдеп немесе шындап алушы болмасын. Кімде-кім бауырының таяғын алған болса, өзіне қайтарып берсін[3]», – деп айтылған.

Демек, шариғатта адамды қандай жолмен болмасын қорқытуға немесе көңіліне үрей салуға тыйым етіледі.

 


[1] Муслим
[2] Әбу Дауд, Муслим
[3] Тирмизи, Әбу Дауд, Ахмед

Пікірлер Кіру