Қант диабетіне шалдыққан адамның оразасы

15 мамыр 2018 12162 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Қант диабетімен ауыратын адам ораза тұтуына бола ма?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Рамазан оразасы – Ислам дінінің негізгі парызының бірі. Денсаулық тұрғысынан шамасы келетін әрбір мұсылман ораза ұстауы парыз. Алайда, таң атқаннан күн батқанша тамақтанудан және сусын ішуден тыйылуды денсаулығы көтермейтін болса, оразасын ашуға рұқсат етіледі. Ал, егер арнайы дәрігердің тексеруі нәтижесінде, ораза тұту денсаулығына зиян тигізетін болса, денсаулығын сақтау үшін ораза тұтпауы міндет. Құран Кәрімде: «...Ол сендерге дінді ешбір қиындық жасамады...[1]» және «...Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар...[2]», сондай-ақ «...Алла сендерге жеңілдік қалайды, Ол сендерге қиыншылық қаламайды...[3]»,-деген аяттар соны меңзейді.

Әбу Һурайра (р.а.): «Сендерге бір істі әмір етсем, оны шамаларың келетін межеге дейін орындаңдар[4]», – деген риуаятты жеткізген.

Қант диабеті созылмалы ауру ретінде бірнеше түрі мен сатысы бар. Міне, сондықтан бұл дертпен ауырған адамның ораза тұтуына рұқсат беру немесе тыйым салу тікелей дәрігер сараптамасына байланысты.

Сонымен бірге, Құран Кәрімдегі: «Ал, сендерден кім ауру не сапарда болса, онда басқа күндерде толтырсын..[5]» әмірі ауруынан айығуы мүмкін науқас адамға емделіп болған соң оразасының қазасын өтеуі парыз екені айтылуда.

Ал, енді созылмалы сырқаты бар, толықтай емделіп жазылмайтын әрі осы күйінде ораза тұтса, денсаулығына зиян тиетін мұсылман ораза тұтпайды. Оразасының өтеуі ретінде фидия береді. Фидия – Рамазанның әр күні үшін бір мұқтаж адамды тамақтандыру.

 


[1] Хаж сүресі, 78-аят
[2] Бақара сүресі, 195-аят
[3] Бақара сүресі, 185-аят
[4] Бұхари, Муслим
[5] Бақара сүресі, 184-аят

Руслан Камбаров

Пікірлер Кіру