Қажет намазының дұғасы қандай?

08 ақпан 2021 55970 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Сіздерден сұрайын дегенім, қажет намазының дұғасын жазып жіберсеңіздер екен.


Жауап

Уағалейкумассалам!

Дүниелік немесе ақыреттік қалауы бар адам дәрет алып, екі немесе төрт рәкағат, басқа бір көзқарас бойынша, он екі рәкағат намаз оқиды.  Бір риуаятта намаздың бірінші рәкағатында бір рет «Фатиха», үш рет «Аятул күрси» оқиды. Екінші рәкағатында «Фатиха» мен «Ықылас», үшінші рәкағатында «Фатиха» мен «Фалақ» және төртінші рәкағатында «Фатиха» мен "Нас" сүресін оқиды. Одан кейін Аллаға хамд, мадақ және Оның Елшісіне салауат айтып, артынан қажет дұғасын айтып, өзінің тілегін тілейді[1].

Қажет намазы дұғасын ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір сөзінде былай деп үйреткен: «Әлдекімнің Алладан тілейтін немесе адам баласынан сұрайтын бір қажеті болса, (алдымен) жақсылап дәрет алсын. Содан кейін екі рәкағат намаз оқысын. Одан кейін Аллаға хамд, сәнә, Пайғамбарға салауат айтсын да артынан мына дұғаны оқысын:

لاَ اِلَهَ الاَّ اللهُ الْحَلِيمُ الْكَريمُ سُبْحَانَ اللهِ رَبِّ الْعَرْشِ الْعَظيمِ الْحَمْدُ لِلهِ رَبِّ الْعالَمِين اَسْئَلُكَ مُوجِباتِ رَحْمَتِكَ وَ عَزَآئِمَ مَغْفِرَتِكَ وَ الْغَنيمَةَ مِنْ كُلِّ بِرٍّ وَ     السَّلامَةَ مِنْ كُلِّ اِثْمٍ لاَ تَدَعْ لي ذَنْباً الاَّ غَفَرْتَهُ وَ لا هَمّاً إلاَّ فَرَّجْتَهُ وَ لاَ حاجَةًَ هِىَ لَكَ رِضاً قَضَيْتَها يآ اَرْحَمَ الرَّاحِمينَ

«Ләә иләһә иллал-лоһул-халимул-кәрим. Субхан-Аллаһи Раббил-а’ршил-а’зим. Әл-хәмду лилләһи раббил-а’ламин. Әсәлукә мужибаати рахматика уә азаимә мағфиратикә уәл-ғанимәтә мин кули биррин уәс-сәләәматә мин кулли исмин ләә тәда’ ли зәнбән иллә ғафәртәһ уә ләә һәммән иллә фәррәжтәһ, уә ләә хәәжәтән һиә ләкә ридан иллә қадайтәһә иәә әр-рахамәр-рәхимиин»[2].

Мағынасы: «Халим (биязы) әрі Жомарт Алладан басқа құдай жоқ. Ұлы арштың Раббы Алла барлық кемшіліктерден пәк. Хамд пен мадақ әлемдердің Раббы Аллаға ғана тән. Уа Аллам! Рақымдылығың қажет еттірген нәрселеріңді, ап-анық кешіріміңді, әрбір жақсылыққа жеткізуіңді, әрбір күнәдан алыстатуыңды сенен тілеймін. Күнәларымды кешір! Қайғы-мұңымнан арылт! Ризалығыңа лайық қажеттілігімді бер. Ей, рақымдылардың Рақымдысы Алла!»[3]

Аталмыш дұғаны оқып болғаннан кейін өзіне қажет нәрсесін сұрайды.

 


[1] Истихара жайында толық мағлұматты мына сілтемеден тыңдай аласыз: http://muslim.kz/kk/media/266-abdusamat-qasym-qajet-namazy-j.html
[2] Тирмизи, әбуәбуль уитр - №479 хадис; әл-Хаким, әл-Мүстәдрак - №1239 хадис.
[3] М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ислам ғылымхалы

Пікірлер Кіру