Көз зинасынан қорғану жолдары қандай?

16 қаңтар 2021 15340 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Көзді харам нәрсеге қараудан тыюдың имани пайдасы жайлы айтып беріңіздерші?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Көзді харамнан тиюдың тура жүруге тигізер көптеген септігі бар. Сонымен бірге, иманның ләззатын сезінуге де тікелей әсер етеді. Бұл жайында Абдулла бин Масғұд (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Ақиқатында көз салып қарау – Ібілістің улы жебелерінің бірі. Кімде-кім Менен қорыққандықтан қарауын қойса, жүрегінде ләззатын сезінетін иманмен алмастырамын[1]», – делінген.

Харам нәрсеге қараудан тиылу – парыз. Құран Кәрімде: «(Ей, Мұхаммед!) Мұсылман ер кісілерге айт, көздерін (өзге әйелдерге, тыйым салынған нәрселерге қараудан қорғап) төмен қаратсын және әуреттерін қорғасын. Бұл – олар үшін тазасы. Анығында, Алла олардың не істеп жатқандарынан Хабардар[2]», – деп әмір етіледі.

Демек, мұсылманға харам нәрсеге қарауға қатаң тыйым салынады. Харам нәрсе теледидар, интернет, суреттегі бейне немесе нақты әйелдің өзі болуында ешбір айырмашылық жоқ. Кез келген жағдайда көзді харамнан  сақтау – иләһи әмір. Өйткені, харамға көз түскен соң ең әуелі жүректі бұзады. Жүрек бұзылған соң, құлшылық ықыласпен орындалмайды. Сонымен бірге, денеге де зияны тиеді.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Көз зина жасайды, тіл зина жасайды, қол зина жасайды, аяқ зина жасайды, ал оны мүше қоштайды немесе қоштамайды[3]», – делінген. Көз – жүректің айнасы. Көзге түскен кез келген нәрсе жүрекке барады. Осылайша, жүректі бұзып, зиянын тигізеді. Ақырында, бұл Алла Тағаланы еске алуға және құлшылық етуге кедергісін тигізеді.

Көзді тыйым салынған нәрсеге қараудан сақтайтын басты себептер төмендегідей:

1. Нәпсі мен құмарлықты тию үшін Алла Тағаладан жәрдем сұрап дұға ету;

2. Алла Тағала көріп тұрғанын ұмытпау. Алла біздің сыртқы іс-әрекетіміз бен ішіміздегі ниетімізден хабардар. Көзді харамнан сақтауға әмір етуші де – Алла. Имам Жунайд (р.а.): «Көзді харамнан қалай тыясың?» – деген кісіге: «Көріп тұрушы (Алла) сен қарап тұрған (тыйым нәрсеге) сенен бұрын қарауда деген оймен», – деп жауап береді.

3. Жағымсыз әдеттерге итермелейтін жаман жолдастардан алыс жүру;

4. Күнәдан сақтанып, сауаптан құр қалмауды ойлау;

5. Құлшылыққа ерекше мән беру. Жамағатпен намаз оқу, түнде екі бас намаз оқу, истиғфар айту. Құлшылық ету адамды күнәдан тыятындығын Құранда: «...Анығында, намаз жеккөрінішті (бұзық) істерден және қайтарылған нәрселерден тияды...[4]», – деп білдіреді. 

 


[1] Табарани
[2] Нур сүресі, 30-аят
[3] Ахмед, Ибн Хиббан
[4] Ғанкабут сүресі, 45-аят

Пікірлер Кіру