Жануарларды азаптау жайлы шариғат не дейді?

10 қараша 2020 8307 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Фейсбукте қасқырдың бөлтірігін қорлап өлтіріп жатқан бейнеролик жүр. Мұнан алдын да, жануарларға қатысты осы сынды жантүршігерлік әрекеттер жарияланған болатын. Шариғат мұндай айуандыққа не дейді?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Кез келген жануарды ешбір себепсіз, әдейі өлтіруге тыйым салынады. Мұндай әрекет – харам. Жануарды қинаған немесе өлтірген адам бұл күнәсі үшін Алладан кешірім сұрап, тәубе етуге міндетті. Жануарды өлтіруге себеп: жыртқыш аң, құтырған мал сияқты адамның өміріне немесе мал-мүлкіне қаупі төндіруін айтуға болады.

Мәселен, хадисте: «Бес жағымсыз жануар ихрам және ихрам емес кезде де өлтіріле береді. Олар: жылан, ала қарға, тышқан, құтырған ит және батпырауық»[1], – делінген. Бұл адамға қауіпті жануарлар екені байқалып тұр.

Ал енді, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қайсыбір адам ешбір ақысыз құсты немесе одан жоғары бір жануарды өлтірсе, ол үшін Алла алдында сұралады», – деді. Адамдар: «Уа, Алла елшісі! Оның ақысы не?» – деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бауыздап етін жеу, басын жұлып лақтырып кету емес», –деп айтқан[2].

Бұл хадистегі әдейі және себепсіз өлтіру жайлы қатаң ескерту еті желінетін және желінбейтін жануарларға түгел қатысы бар.

Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.) жануарларды қорлауға тыйым салды»[3], – делінген.

Сондай-ақ, Ибн Аббас (р.а.): «Жаны бар нәрсені нысанаға алмаңдар», –деген риуаят жеткізген.

Имам Науауи былай дейді: «Ғалымдар: Жануарларды қорлау – тірі жануарды ату және сол сияқты жолмен өлтіру..., – деген». Бұл – харам ету тұрғысынан жасалған тыйым. Сондықтан да Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте мұның барлығынан соң: «... Мұны істеген адамды Алла лағынет етсін», – делінген.

Қорыта айтқанда, жануар екеш жануарды қорлау және азаптау – үзілді-кесілді харам әрекет. Бұл зұлымдық атауының бір түріне жатады. Мұндай әрекетке барған адам күнәсі үшін Алла Тағалаға тәубе етіп, кешірім сұрауы ләзім.

Руслан Камбаров

 


[1] Муслим.
[2] Насаи.
[3] Муслим.

Пікірлер Кіру