ЗЕКЕТ ҒИБАДАТЫНЫҢ ҮКІМІ
Зекет ғибадаты Ислам дініндегі негізгі бес ғибадаттың ішінен орын теуіп, Һижреттің екінші жылы Рамазан оразасынан кейін Шәууал айында парыз болды.
Парыздығының дәлелдері (Құран Кәрім, Сүннет, Ижмағ)
1. Құран Кәрім:
«Намаз оқыңдар, зекет беріңдер…»[1] «Олардың күнәларынан тазаланып, малдары көбейіп берекеттенуі үшін олардың (мұсылмандардың) малдарынан садақа (зекет) ал …»[2] «Шын мәнінде садақалар (зекеттер) кедей-кепшіктіктерге,түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға, көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға т.б.), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Аллаһ жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Аллаһ тарапынан парыз етілді».[3]
2. Сүннет
Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
«Ислам діні бес негізден тұрады: Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммедтің (с.а.у.) Алла тарапынан жіберілген елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару» [4]
3. Ижмағ*
Жаппай барлық Ислам ғұлама, мүштаһиттері зекет ғибадатының парыздығына бірдей көзқарас білдірген. Тіпті сахабалар зекетті бермейміз дегендерге қарсы соғыс ашу керек деген пікір айтқан.
Кімде-кім зекет ғибадатының парыздығын қабылдамаса, діннен шығады. Ал, парыздығын қабылдап орындамаса, күнәкар болады.
Байлығының зекетін өтемегендердің ақырет күні тартатын азабы
Қолдарындағы байлықтарының зекетін бермеген адамдардың ақыретте тартатын азаптарының өте ауыр екендігі туралы Әбу Һурайрә Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай деп айтқанын риуаят етеді:
«Зекетін бермеген адамның байлығы ақырет күні ірі жылан пішініне кіреді. Екі көзінің үстінде (қорқыныштылығының белгісі ретінде) қап-қара екі домалақ дағы бар. Осы жылан қиямет күнінде иесінің мойнына оралады. Сосын аузымен иесінің екі жағынан ұстап: «Мен сенің дүниедегі (қатты жақсы көрген) байлығыңмын, мен сенің (жинаған) қазынаңмын, – дейді. Сосын Пайғамбарымыз (с.а.у.) мына аятты оқыды: «Алланың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерін (басқаларға бермей) сараңдық істегендер бұл істерін өздеріне қайырлы деп ойламасын. Жоқ, тіпті (бұл істері) өздері үшін ең үлкен жамандық. Ақырет күні сараңдық жасаған дүниелері мойындарына оралады»[5] Басқа бір аятта Аллаһ Тағала сараңдарды ақыреттің күйзелтуші азабынан былай деп ескертеді:
«Алтын, күмісті жинап, оны Алланың жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Жиналған алтын мен күміс тозақ отында қыздырылып, онымен маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланатын қиямет күні оларға: «Міне, мынау – өздерің үшін жиған дүниелерің. Ал енді қанеки, жинағандарыңның дәмін татыңдар!»[6]
Зекетті өтемегендердің дүниедегі тартатын жазасы
Зекетті өтемегендер бұл дүниеде жоқшылық пен аштыққа кіріптар болады. Пайғамбарымыз бұл турасында былай дейді: «Зекет бермеген қауымдарды Аллаһ Тағала міндетті түрде жоқшылық пен аштыққа ұшыратады». Басқа бір хадисінде былай дейді: «Байлықтарының зекетін бермесе, көк жаңбырынан құр қалады. Жан-жануар болмағанда олардың үстіне жаңбыр жаумас еді».
[1] Бақара сүресі, 34,83-аят.
[2] Тәубе сүресі, 103-аят.
[3] Тәубе сүресі, 60-аят.
[4] Тирмизи, Иман,36; Бухари, Иман,1; Муслим, Иман, 217.
* Ижмағ: Ислам ғұламаларының белгілі бір мәселенің үкімінде ортақ көзқараста болуы.
[5] Әли – Имран сүресі, 180-аят.
[6] Тәубе, 34-35.