ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП–2025: ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІ 2025 ЖЫЛЫ 200 МЫҢНАН АСТАМ СҰРАҚҚА ЖАУАП БЕРДІ
2025 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі халықтың діни сауатын арттыру, қоғамда туындаған өзекті мәселелерге шариғи тұрғыда нақты әрі жүйелі жауап беру бағытында ауқымды жұмыстар атқарды.
Жыл бойы Ғұламалар кеңесінің отырыстарында барлығы 17 пәтуа ұсынылып, соның 13 пәтуасы мен 1 құжат қабылданды. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымы Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесінде 5 пәтуа бекітілді.
Қабылданған пәтуаларды кеңінен түсіндіру мақсатында республика көлемінде имамдарға арналған 327 семинар, ал мешіт жамағатына 3921 пәтуа сағаты өткізілді. Бұдан бөлек, ҚМДБ-ның концептуалды құжаттары жыл бойы 789 рет таныстырылып, 60 мыңға жуық адам қамтылды.
2025 жылы халықтан келіп түскен барлығы 208 056 діни сұраққа жауап берілді. Оның ішінде:
43 782 сұраққа – жеке қабылдау барысында,
66 838 сұраққа – телефон арқылы,
97 436 сұраққа – әлеуметтік желілер арқылы жауап берілді.
Орталық аппарат қызметкерлері 17 915 сұраққа жауап қайтарды. Сонымен қатар Муфтияттың бот қосымшасы арқылы екі маман қызмет көрсетіп, іске қосылған уақыттан бері 5500-ге жуық сұраққа жауап берілді.
Медиа жоспар аясында діни сұрақ-жауап форматында 1117 бейнеролик түсірілді. Сондай-ақ діни тақырыпта 150 мақала әзірленіп, fatua.kz сайтына, журналдар мен газеттерге жыл бойы 122 мақала жарияланды. Бұған қоса республикалық телеарналарда 79 сұхбат берілді.
Ресми хаттар мен жазбаша сауалдар арқылы келіп түскен 93 сұраққа жауап жолданды. Отбасы мәселесіне қатысты талақ бойынша 469 өтініш қабылданып, барлығына толық жауап берілді.
Жыл ішінде «Пәтуалар жинағының 5-ші томы», сондай-ақ қажылық және отбасы мәселелеріне арналған сұрақ-жауап кітапшалары жарық көрді. Сонымен қатар өңірлік пәтуа мамандары МФЦА ұйымдастырған қаржы және банк жүйесіне қатысты онлайн семинарға қатысып, кәсіби біліктіліктерін арттырды.
Республикалық call-орталық арқылы 8207 сұраққа жауап берілді. Бұдан бөлек, еліміздің барлық облыс орталықтарында ашылған отбасылық кеңес беру орталықтары арқылы 3991 жұп пен 511 жеке адамға кеңес көрсетілді. Нәтижесінде 294 отбасының шаңырағы сақталып қалды.


















Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі