ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП–2025: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

06 қаңтар 2026 129 0
Оқу режимі

2025 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша көңіл бөлді. Осы бағытта ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазрет Сауд Арабиясы Корольдігіне, Бахрейн, Қатар мемлекеттеріне, сондай-ақ Түркия, Мысыр және Қырғызстан елдеріне ресми сапарлар жасап, жоғары деңгейдегі бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

Сонымен қатар, елордамыз Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте Республика күні мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай ІІ Халықаралық Құран жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, сәтті өтті. Аталған жарысқа 21 елден 22 қари қатысып, Қазақстан, Сауд Арабиясы, Мысыр, Түркия және Қырғызстан елдерінен келген халықаралық дәрежедегі төреші-қарилар қазылық етті.

Есептік кезеңде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазрет 22 шетелдік мейманмен, елшілермен және дін лидерлерімен ресми кездесулер өткізді.

Сондай-ақ, Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі аясында Бас мүфти бірқатар халықаралық делегациялармен жүздесіп, Қазақстанның конфессияаралық және дінаралық диалогты дамытудағы рөлі кеңінен талқыланды. Съезд аясында Дүниежүзілік Ислам Лигасы және Индонезия Ғұламалар кеңесімен екіжақты ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылып, ҚМДБ-ның халықаралық байланыстары одан әрі нығайтылды.

2025 жылдағы маңызды жаңалықтардың бірі – Доха қаласында Қатар Даму қорымен жасалған келісім нәтижесінде Астана қаласындағы «Әбу Наср әл-Фараби» мешітін қайта жаңғырту және рухани орталық салу жобасының келісімге келуі болды.

Сонымен қатар, ел ішіндегі діни ахуалмен танысу және жамағатпен тікелей кездесу мақсатында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазреттің Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен өңірлерге жалпы саны 17 жұмыс сапары ұйымдастырылды.






















Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру