ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП–2025: БІРҚАТАР ЦИФРЛЫҚ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫРЫЛДЫ

06 қаңтар 2026 120 0
Оқу режимі

2025 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметті заманауи талаптарға сай жетілдіру және халыққа көрсетілетін діни әрі ақпараттық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында бірқатар маңызды цифрлық жобаларды жүзеге асырды.

Атап айтқанда, азаматтардың діни сұрақтарына жедел әрі нақты жауап беру үшін MuftyatBot Telegram чат-боты іске қосылды. Бұл жоба арқылы пайдаланушылар шариғи мәселелер бойынша жылдам әрі қолжетімді кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар, дін қызметкерлерінің цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында «Құжаттандыру мен цифрлық сауаттылықтың тиімді тәсілдері» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында ішкі құжат айналымын толық цифрландыруға бағытталған «e-Quzhat» жүйесінің таныстырылымы өтіп, алдағы уақытта ҚМДБ қызметкерлерінің бірыңғай цифрлық платформада жұмыс істеуі көзделетіні айтылды.

Халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында Qurban.muftyat.kz сайты жаңартылып, онлайн құрбан шалуға өтінім қабылдау қызметі қайта іске қосылды. Сондай-ақ Muftyat App мобильді қосымшасына QR-код арқылы садақа аудару функциясы енгізілді.

Азаматтарға жедел әрі нақты ақпарат беру бағытында ҚМДБ Call-орталығының 1511 тегін қысқа нөмірі іске қосылды. Бұдан бөлек, «ISLAM QUIZ» мобильді қосымшасы ҚМДБ балансына қабылданып, оны жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Аталған бастамалар ҚМДБ қызмет көрсету жүйесін жаңғыртып, діни қызметтердің бір бөлігін электронды форматқа көшіруге мүмкіндік берді. Алдағы уақытта Мүфтият цифрлық бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, жаңа жобаларды іске асыру арқылы халыққа қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыруды мақсат етеді.







Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру