ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП–2025: 218 ДІНИ ӘДЕБИЕТ САРАПТАМАДАН ӨТТІ

06 қаңтар 2026 136 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылымындағы Діни сараптама бөлімі 2025 жылы діни әдебиеттердің мазмұнын зерделеу, шариғат талаптары мен дәстүрлі ислам қағидаттарына сәйкестігін анықтау, сондай-ақ қоғамның діни қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді және жүйелі жұмыстар жүргізді.

Атап айтқанда, есептік кезеңде діни әдебиеттерге қатысты 218 өтініш қабылданды. Оның ішінде 163 өтініш еліміздегі азаматтардан, ал 56 өтініш шетелде білім алып жатқан Қазақстан азаматтарынан келіп түсті.

Сараптамаға ұсынылған 218 кітаптың 213-іне оң қорытынды беріліп, 2 кітапқа теріс қорытынды шығарылды. Сонымен қатар 3 кітапқа мазмұндық түзету енгізу ұсынылды.

Мысыр, Түркия, Иордания, Сауд Арабиясы Корольдігі, Қырғызстан және Ресей Федерациясы секілді мемлекеттерден әкелінген 11 395 дана діни әдебиетке қатысты 56 өтініш қабылданып, комиссия сараптауынан өтті. Оның ішінде 9 000-нан астамы Құран Кәрім, ал 2 000-ға жуығы түрлі тақырыптағы діни әдебиеттерді құрады.

Қазақстан аумағында мүфтиятқа қарасты мешіт жанындағы 122 діни дүкенге сараптама жүргізіліп, 3 000-ға жуық діни әдебиет тексерістен өткізілді. Сонымен қатар республика көлемінде 328 намазхана, 59 түзеу мекемесі, 9 медресе, 22 қарилар даярлау медресесі және мешіттердегі кітап сөрелері жоспарлы түрде тексерілді. Нәтижесінде теріс ағымды насихаттайтын діни әдебиеттер тіркелген жоқ.

2025 жылдың маусым айында Діни сараптама бөлімінің ұйымдастыруымен, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің қатысуымен және ҚР Дін істері комитетінің Діни сараптама басқармасымен бірлесіп, тәжірибе алмасу мақсатында «Діни әдебиеттерді сараптау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тақырыбында екі күндік семинар өткізілді.

Сондай-ақ ҚР Дін істері комитетінің Діни сараптама басқармасымен онлайн форматта тұрақты ақпараттық тәжірибе алмасу жолға қойылған. Діни сараптама бөлімі өңірлердегі жауапты мамандар үшін әр тоқсан сайын онлайн семинарлар ұйымдастырып келеді.

Өңірлердегі жауапты мамандар бекітілген тапсырмаға сәйкес ай сайын төмендегі мекемелерге тексеріс жүргізіп, тоқсандық есептерін уақтылы тапсырып отыр:

Мешіт жанындағы діни дүкендер;

Мешіт сөрелеріндегі діни әдебиеттер;

Намазханалардағы кітаптар;

Медреселердің кітапханалары;

Түзеу мекемелеріндегі діни әдебиеттер;

Сауат ашу курстарындағы оқу құралдары;

Қарилар даярлау орталықтарындағы кітаптар.











Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру