ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП-2023: «ДІНИ ОҢАЛТУ БОЙЫНША 11092 ЫҚПАЛ ЕТУ АКЦИЯСЫ ЖАСАЛДЫ (ФОТО)

29 желтоқсан 2023 1746 0
Оқу режимі

Мүфтияттың діни оңалтуға жауапты мамандары 2023 жылы 11 092 жеке ықпал ету акциясын (жеке кездесулерді) жүзеге асырды. Бұл туралы елордада өткен ҚМДБ Төралқа мәжілісінде Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл баяндады.

«ҚМДБ қызметкерлері өкілдіктер тарапынан 5428, сондай-ақ теолог ретінде оңалту орталықтары тарапынан 5664 акция өткізді. Аталған акциялар нәтижесінде жалпы 1265 адамға оң ықпал жасалды. Атап айтқанда, 980 адам қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді, оның 105-і түзету мекемелерінде жазасын өтеушілер. Ал жауапты діни оңалту субъектілердің бірлескен қорытындысы бойынша 285 адам оңалып, деструктивті діни ағым (ДДА) идеологиясынан бас тартты деп танылды, оның 55-і жазасын өтеп жатқандар» деп атап өтті Хасан Ташайұлы.

Сонымен қатар Діни оңалту бөлімі Қазақстан үшін дәстүрлі Исламға жат діни ағымдар идеологияларының діндар ортада таралуын алдын алу, деструктивті діни ағым жақтастарын теологиялық оңалту жұмысының жүйелі түрде жүргізілуін қамтамасыз ету және жетілдіру жолында ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды. Мәселен 2023 жылы жат діни ағымдардың анықтамасы мен қателіктері жарияланатын Telegram каналы ашылды. Бүгінде оның 2 мыңнан астам жазылушысы бар. Оған 38 видео, 59 мақала, 45 инфографика, 37 аудио дәріс және 24 ғалымдар сөзі жарияланды. Сондай-ақ muftyat.kz сайтында «Діни сенім» айдары ашылып, бүгінге дейін оған 29 мақала шығарылды. Оның 10-ы орыс тілінде дайындалды.

Республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында Түркі діни кітаптарды оқыту курстары ашылды. 481 адам – «Ғибадат исләмия», 196 адам – «Сабатул ажизин», 390 адам – «Мұсылмандық шарты» кітаптарын оқып бітірді. ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің 45 түзету мекемесі діни оңалтуға қатысты жалпы 2461 кітаппен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік мекемелер мен оқу орындарында жергілікті дін істер басқармасымен келісе отырып жат ағымдардан сақтандыру бойынша 1068 ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, оған жалпы 51565 адам қатысты.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру