ЖАСТАР ІСІ СЕКТОРЫНЫҢ ЖАУАПТЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ (ФОТО)

31 қаңтар 2024 1850 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Астана қаласы өкілдігіне қарасты мешіттердегі Жастар ісі секторының жұмысына жауапты дін қызметкерлері бас қосып, жылдық жұмыс жоспарын талқылады. Жиынға Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов пен ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі Күзекбай Бағыжан арнайы қатысып, сектор жұмысын жандандыруға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиын барысында Астана өкілдігі бойынша Жастар ісі секторына жауапты Рақымжан Талғатұлы «Ислам және дәстүр құндылықтары» жылы болып жарияланған 2024 жылға арналған жұмыс жоспарымен қысқаша таныстырып өтті. Мешіт жастары арасында өткізілетін білім жарыстары, спорт сайыстары, қайырымдылық акциялары мен түрлі қоғамдық шаралар жайлы баяндады.

Қала бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы өз сөзінде биылғы Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Жастар ісі секторына ерекше мән беріп, «ел болашағы саналатын жастармен жаңаша тәсілдер арқылы жұмыс істейтін уақыт келді. Жастар ісі секторы кешенді жоспар әзірлеп, жыл бойы тың форматтағы шараларды жүзеге асыруы тиіс» деген үндеуін жастарға жеткізіп, сектор жұмысын арттыруға арналған бірқатар тапсырмалар берді.

ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі Кұзекбай Бағыжан да биылғы жылы жоспарланған шаралар ауқымды екендігін айтып, Бас мүфти артқан сенімге сай жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Биылғы жылы Жастар ісі секторына ҚМДБ жанынан «Жастар кеңесін» құру, Республикалық Жастар форумы, «ДінТеллект» республикалық интелектуалдық білім сайысы ұйымдастыру секілді ауқымды жүмыстар жүктелгенін жеткізді.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру