«ЖӘННАТҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН РАМАЗАН» АТТЫ РУХАНИ КЕШ ӨТТІ

21 наурыз 2023 3287 0
Оқу режимі

ҚМДБ Астана қаласы өкілдігі Әзірет Сұлтан мешітіне қарасты «Инабат» қыз-келіншектер клубының ұйытқы болуымен «Жәннатқа жетелейтін Рамазан» атты рухани кеш болып өтті. Кеш Қала бас имамы Ерболат Нұрылдаұлының алғы сөзімен басталды. Ол бүгінгі кештің маңыздылығын алға тарта отырып, Рамазан айының қадір-қасиеті туралы насихат айтты.  Қасиетті айдың маңыздылығын ұғындыруға арналған кешке 200-ге жуық қонақ қатысып, рухани тағылым алып қайтты.

Ұстаз Зарина Шамидуллақызының басшылығымен өткен кешке Елорда мешіттерінің ұстаздар қауымы шақырылып, уағыз-насихат айтылды. Арнайы коуч-тренерлер шақырылып, Рамазан айын пайдалы өткізуге және  уақытты тиімді пайдалануға кеңестер берілді.

Қасиетті Құран аяттарымен басталған берекелі кеш барысында мешіт шәкірттері арнайы сахналық көріністер қойып, көрерменнің көңілін босатып, көзіне жас ұялатты. Сондай-ақ, қонақтар арасында викториналық ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар тарту етілді. ҚМДБ Әйел-қыздар секторының жетекшісі Динара Құтқожақызы да сөз сөйлеп, Рамазан айының берекелі өтуін тіледі.

Сондай-ақ, кеште арнайы дайындалған бірнеше бейнероликтер көрсетіліп, келген қонақтарды ерекше әсерге қалдырып, тың ақпараттарға қанықтырды.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру