ЗАҒИП ҚАРТТАРҒА ҚҰРБАН АЙТ СЫЙЛЫҒЫ БЕРІЛДІ (ФОТО)
Бүгін Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде мүмкіндігі шектеулі 30 кісіге азық-түлік қоржыны берілді.
Елорда төріндегі «Әзірет Сұлтан» мешітінде Құрбан айт қарсаңында мүмкіндігі шектеулі қарттардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған «Шұғыла» қоғамдық бірлестігінің мүшелеріне қайырымдылық жасалып, азық-түлік қоржыны үлестірілді. ҚМДБ зекет және қайырымдылық қорының Астана өкілдігі бойынша жауапты маманы Жақия Мерей Қанатұлы зағип қарттарды Құрбан айт мейрамымен құттықтап, өмірлеріне береке тіледі.
Ардақты арафа күнінде жасалған игі шара барысында «Шұғыла» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бахытжамал Карибаева ұлық мейрамда адамгершіліктен тыс қалмай қарияларға көрсеткен қамқорлық үшін Мерей Қанатұлы мен мешіт ұжымына өз ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, жанарлары жарық дүниені көрмесе де, жігері мұқалмай, көңілдеріне сәуле түсіруге ұмтылып жүрген қариялардың игілігі үшін құрылған «Шұғыла» бірлестігінің төрайымы Бахытжамал Карибаева брайл жүйесімен Құран үйретіп, шәкірт тәрбиелейді. Осы еңбегі үшін бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының марапатына да ие болған.
Дереккөз: Muslim.kz