Вице-министр «Нұр Мүбарак» университетінде

23 қараша 2023 2104 0
Оқу режимі

«Нұр-Мүбарак университеті – дін саласында Еуразия кеңістігіндегі теңдесі жоқ университет» деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов.

Бүгін Нұр-Мүбарак университетіне арнайы ат басын тіреген вице-министр еліміздегі дін мәселесі өте өзекті әрі оны білімді мамандармен ғана реттеу маңызды екенін баса айтты. Вице-министр Қанат Жұмабайұлын ыстық ықыласпен қарсы алған университет басшылығы әуелі оқу ордасының тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Оқу кешенін, аудиториялар мен кітапхана, студия, асхана т.б. аралап, жаңадан бой көтерген құрылыс жұмыстарымен де танысты. Ал ұжыммен, ғалымдар тобымен кездесу барысында вице-министр өзінің университетке келу себебін еліміздегі дін саласына қатысты мақсаттар мен жоспарларды ашық талқылап, университет тарапынан ұсыныс-пікірлерге зер салу екенін атап өтті.

Вице-министр: «Нұр-Мүбарак университеті Қазақстан мен Мысыр елінің арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюына басты себепкер. Әрі дін саласында отандық мамандар тәрбиелеуде Мәдениет және ақпарат министрлігі үшін маңызды әріптес» деді. Сондай-ақ қазіргі уақытта еліміз дін саласына қатысты кадр тапшылығын сезінуде. Осы бағытта жұмысты нәтижелі атқаратын, білімді және сапалы кадрлар тәрбиелейтін басқа университет жоқ екенін баса айтып, осыған орай университетке мемлекеттік және әкімдік гранттарын ұлғайту бойынша тапсырма беретінін айтты.

Университет ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат вице-министрдің арнайы келген сапарына ризалығын білдіріп, бұл кездесудің жемісті боларына сенім білдірді. Проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев университеттің соңғы 5 жыл барысында атқарған жұмыстарымен қатар жаңадан салынып жатқан ғимараттың да жай-жапсарына тоқталды. Алқалы жиынға арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Аппарат жетекшісі Ғилымбек Мәжиев Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізе келе, діни ортақ түйткілдер төңірегінде ойын ортаға салды. Түлектерді жұмыспен қамту мәселесінің тиімді жолдарын жетілдіру жөнінде талқыланды. Кездесу барысында университет қызметкерлері ойларын ортаға салып, вице-министр әрбір ұсыныс-пікірдің бей-жай қалмайтынын айтып, қатысушыларға серпіліс сыйлады.

Дереккөз: Kazislam.kz

Пікірлер Кіру