ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІНДЕ «MUFTIYAT» БАСПАСЫНЫҢ ЖАҢА КІТАПТАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ (ФОТО)
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде рухани-ағартушылық бағыттағы бірқатар жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталған жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Жұма уағызы», «Отбасы сұрақ-жауаптары» және «Рухани мұра» сериясы аясында жарық көрген кітаптардың тұсауын кесті.
«Жұма уағызы» жинағына республика бойынша мешіттерде жұма намазы кезінде оқылатын уағыз тақырыптары енгізілген. Кітаптағы материалдар қасиетті Құран аяттары, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері, дін ғалымдарының тағылымды өсиеттері мен қазақ халқының рухани мұрасындағы өнегелі ой-тұжырымдарға негізделген. Еңбек жұртшылыққа түсінікті, жеңіл тілмен жазылған.
«Отбасы сұрақ-жауаптары» кітабында некеге қатысты үкімдер, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері, ажырасу мәселелері және отбасылық өмірге байланысты өзге де өзекті тақырыптар Ханафи мәзһабы мен заманауи ғалымдардың пәтуалары негізінде сұрақ-жауап форматында баяндалған. Бұл еңбек жалпы оқырман қауымға арналған.
Ал «Рухани мұра» сериясы ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының бастамасымен жүзеге асырылып отырған жоба болып табылады. Аталған жоба аясында «Мүфтият» баспасынан жарық көрген кітаптарда қазақ даласында кең тараған діни-танымдық әрі ғибраттық еңбектер топтастырылған. Атап айтқанда, Қашшафуддин ибн Шанмарданның «Оқы намаз, достарым», Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Дін тағылымы», Ибраһим Тілеуқабылұлының діни-дидактикалық шығармалары енгізілген. Бұл еңбектер дәстүрлі діни танымды дәріптеп, ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған.
Төралқа мәжілісінде Бас мүфти жарық көрген кітаптар ел ішіндегі діни сауаттылықты арттыруға, қоғамға пайдалы діни білім беруге және ұлттық руханиятты насихаттауға қызмет ететінін атап өтті.



