Тарихи сәт: Бес мүфти сұхбаттасты (ФОТО)

27 қараша 2020 4016 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойы аясында мүфтиятты әр жылдары басқарған Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Ораз, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бір үстел басында сұхбаттасып, мүфтияттың ізгілік жолындағы игі жұмыстарын жандандыру жайлы ойларын ортаға салды.

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ-ның 30 жылдық меретойына байланысты елордада өткен «Бейбітшілік пен рухани келісімді сақтаудағы діни институттардың рөлі» атты халықаралық конференцияға қатысып, мазмұнды баяндама жасаған мүфтилерге ізгі тілегін білдіріп, құрметпен сөз ұсынды. 

Бірінші сөз алған ардагер ұстаз Рәтбек қажы Нысанбайұлы бес мүфтидің бір үстел басында пікір алмасуын тарихи сәтке балап, басқосуға себепкер болған Наурызбай қажы Тағанұлына айрықша алғысын жеткізді.

Сөз тізгінін алған Әбсаттар қажы Дербісәлі дін, ел қамында құрбан болған танымал тұлғалар туралы, дін қайраткерлері жайлы тарихи танымдық кітаптар шығаруды ұсынды. Сонымен қатар мүфтият тарихы туралы зерттеу жұмыстарын бастау қажеттігін жеткізді.

Ержан қажы Малғажыұлы өз сөзінде мәзһабы бір, тарихы ортақ Орталық Азия мүфтилері кеңесін құрып, діни саладағы жұмыс көкжиегін кеңейту туралы ойымен бөлісті.

Серікбай қажы Ораз Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында көтерген жамағат арасында «Ихсан» ілімін, ал жалпы халқымызға Абайдың кемел адам концепциясын кеңінен насихаттау, елімізде Ислам академиясын құру, Ислам және теология кітапханасын салу, мешіттердің архитектурасын қазақы салт-санаға сай қалыптастыру туралы бастамаларын қолдайтынын және осы бағытта нақты шешімдер қабылдау қажеттігін алға тартты.

Басқосуды қорытындылаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «30 жыл мерзім ішінде елімізде 2714 мешіт ашылды. Діни саладағы қызметкер саны 4 мыңнан асты. 9 медресе-колледж бен 6 қарилар даярлау орталығы ашылды. «Нұр Мүбәрак» университеті мен Ислам институтының жемісті еңбегінің арқасында кадр тапшылығы толық шешілді. Осынау тарихи істерде сіздердің сүбелі үлестеріңіз бен қолтаңбаларыңыз жатыр. Әлі де дін қызметінде еңбек етіп келесіздер. Алла Тағала күш-қуат, ынтымақ пен берекесін нәсіп етсін» деп сөзін түйіндеді.      

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру