Шымкент имамдарының білімін жетілдіру орталығы ашылды (ФОТО)

04 ақпан 2020 5873 0
Оқу режимі

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің тапсырмасымен Шымкент қаласының орталық мешіті жанындағы «Ақмешіт» қайырымдылық мекемесінде имамдарды кәсіби қайта даярлау және біліктілігін көтеруге арналған «Шымкент имамдарының білімін жетілдіру орталығы» ашылды.

Аталмыш орталықтың жұмысына Шымкент қаласының бас имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаев арнайы қатысып, имамдарға алғашқы дәрісті оқыды. Орталықты қала имамының орынбасары әрі «Ақмешіт» қайырымдылық мекемесінің директоры Мұхамеджан Естеміровтың жетекшілігімен жүргізілуде. Курс 6 күнге жалғасады.

Курс барысында ҚМДБ-ның бекіткен оқу бағдарламасы аясында  «Құран Кәрім», «Ақида», «Хадис ілімі» және «Шариғат үкімдері» пәндерінен дәріс жүргізіледі. Оқу кезеңінде имамдардың білімі жүйелі түрде ауызша сұрау және сынақ жүргізу арқылы бағаланады.

Курс аяқталғаннан кейін түлектерге ҚМДБ тарапынан білім алушыларға біліктілікті көтеру туралы белгіленген үлгідегі сертификат беріледі. Ал имамдарға Мысыр Араб Республикасы, әйгілі әл-Әзһар және Нұр-Мүбәрак университетінен тәлім алған түлектері, дінтанушы-мамандар  Дәулет Туленов, Ақтөре Тұраптай, Ералы Есенгелдиев және Мейірбек Сәрсенбаевтар дәріс береді.

Сондай-ақ, Орталық жетекшісі М.Естеміровтың айтуынша, Шымкент қаласына қарасты 106 мешіттің 252-ден астам мешіт қызметкері алдағы үш айда тағылымдық, кәсіби қайта даярлау және біліктілігін көтеруге арналған курстан өтеді.

Дереккөз: ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру