Серікбай қажы Ораз Мәскеуде Ресей мүфтиімен кездесті (ФОТО)

25 мамыр 2018 8363 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бастаған делегация Ресей Федерациясына ресми сапармен барды. Сапардың бірінші күнінде еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Равиль Гайнутдинмен кездесті.

Кездесу барысында көршілес елдердің рухани-мәдени, діни саладағы қарым-қатынасы сөз болды. Қазақстан мен Ресей мұсылмандары Діни басқармалары арасындағы әріптестік байланыстың нығайып келе жатқандығы айрықша аталды. Тараптар әңгіме барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен наурыз айында өткен Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы жайлы пікір алмасты. Серікбай қажы Ораз аталған халықаралық форум Орталық Азия мен Еуразия елдерінің дін қайраткерлерін ортақ мақсатқа үндеп, бірлікке шақырғанын тілге тиек етті.

Екі елдің мүфтилері игі істерде өзара бірігіп қызмет ету, діни радикализм мен экстремизмнің қаупін алдын алу, қазіргі сын-қатерлер мен діни мәселелерге қатысты бірыңғай пәтуа шығарудың маңыздылығы жөнінде әңгімелесті. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Сұхбат барысында Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы жанынан құрылған Хатшылық жұмысын жан-жақты жетілдіру мәселесі талқыланды.

Ресми кездесуден кейін Серікбай қажы Ораз Мәскеудің Орталық мешітіне жиналған жамағатқа рамазан айының қадір-қасиеті мен мұсылман үмбетінің бірлігі жайлы уағыз айтты.

Пікірлер Кіру