Серікбай қажы Ораз Хорватия мүфтиін қабылдады (ФОТО)

12 қазан 2018 7357 0
Оқу режимі

Бүгін Бас мүфти Серікбай қажы Ораз республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің VI съезі аясында Хорватия Ислам қоғамдастығы Месихат ұйымының төрағасы, мүфти, доктор Әзиз Хасанұлын қабылдады.

Кездесуде мәртебелі мейман Хорватия елінде діни салада атқарылып жатқан игі шаралар мен жобалар туралы баяндады. Доктор Әзиз Хасанұлы жуырда Хорватияда өткен халықаралық Құран жарысы жайлы да әңгімелеп берді.

Әлемдік және дәстүрлі діни лидерлерінің VI съезі жайлы пікір білдірген Хорватия мүфтиі Ә.Хасанұлы:

«Бұл – әлемдік деңгейдегі ізгі басқосу. Съезд әлем халықтарын, барша дін өкілдерін бірлік пен бейбітшілікке үндеп, олардың өзара түсіністігі мен татулығына үлес қосып келеді. Біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл игі бастамасын қолдаймыз», – деді.

ҚМДБ төрағасы С.Сатыбалдыұлы мәртебелі мейманға Қазақстандағы Ислам тарихы туралы баяндап, осы бағытта жарық көрген «Ұлы дала төсіндегі Ислам» атты авторлық кітабын сыйға тартты.

Кездесу соңында дін қайраткерлері діни саладағы екіжақты байланысты арттыруға, игі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға, өзара тәжірибе алмасуға уағдаласты.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру