«Раиса ана» мешітінде қарияларға арналған мерекелік кеш өтті (ФОТО)
«Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол». Бұл – үлкенді қашанда қадірлеп өскен қазақтың ұстанымы. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Қарттарға құрмет пен сыяпат Алла Тағалаға деген құрметтен туындайды», – деген. Сондай-ақ, Алла елшісінің (с.ғ.с.) «Жас адам бір қарттың жасына қарап құрмет көрсетсе, оның жасына жеткенде Алла Тағала оған жастарды құрмет еткізеді» деген даналық сөздері бар.
Екі дүние шамшырағының (с.ғ.с.) көрсетіп кеткен осы үлгісі және ата-бабамыздан қалған тағылымды тәрбиеге сай ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігіне қарасты «Рахымқызы Раиса Ана» мешітінің «Раиса Ана» әйел-қыздар мектебінің жамағаты кешегі жексенбі кешінде Қарттар күніне орай рухани кездесу өткізді.
Жиынға елордадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып жатқан зейнеткерлер қатысты. Шара шымылдығын құлшылық ордасының азаншысы Әбдуәли Әбжанов Алланың кәләмі, сөздердің сұлтаны қасиетті Құран аяттарымен ашты.
Басқосуда мешіт жанынан ашылған «Раиса Ана» әйел-қыздар мектебінің жамағаты оқып дайындаған Құран хатым дұғасы жасалып, қариялардың дүниеден өткен ата-бабаларының рухына бағышталды. Сондай-ақ, шара аясында ән мен жырдан шашу шашылып, ата-әжелерге сыйлықтар берілді.
Рухани кеш соңында ақсақал Хасен Молдахметов жастарға ақ батасын беріп, мешіт жамағатына алғысын білдірді.
Дереккөз: Muslim.kz