Радиобағдарламалар рамазанға арналады (ФОТО)

22 сәуір 2021 4894 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен оразаның бірінші аптасын қорытындылауға арналған жиында Діни басқарманың бөлім басшылары Рамазанның алғашқы аптасында атқарылған іс-шаралардың есебін таныстырды.

Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов: «Былтыр «Qazaqstan» арнасынан бастау алған ҚМДБ мен Ұлттық арнаның бірлескен жобасы «Ораза қабыл болсын!» хабары биыл да эфирге шықты. Хабардың алғаншы қонағы болып ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Одан бөлек хабарға күнделікті ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері, бөлім басшылары мен мешіт имамдары қатысып, Рамазан айы мен оразаға қатысты тұрғындар сауалына жауап береді» деді.

Сондай-ақ Марат Бектазинов пітір садақаға қатысты қоғамда алаңдатушылық тудырған сұрақтарға да жауап берілгенін, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлымен «Пандемия жағдайындағы ораза» атты бейнесұхбат түсірілгенін атап өтті.

«Бұдан бөлек қасиетті айда Ерболат Сапаровтың жүргізуімен «Qazaq radiosy» әр жұма сайын сағат 10:10-да тікелей эфирдегі «Ықылас» радиобағдарламасының тақырыптарын Рамазан мәселелеріне арнамақ. Сондай-ақ, «Qazaq radiosy» эфиріндегі күн сайын берілетін таңғы «Қайырлы таң, Қазақ елі!» бағдарламасынан «Берекелі Рамазан» айдары ашылды және де «Шалқар» радиосында әр жұма сайын 12:00-де тікелей эфирге шығатын «Отанды сүю» бағдарламасы «Рамазан – айлардың сұлтаны» тақырыптарына арналмақ. ҚМДБ-ның ресми парақшалары да Рамазан айында оқырмандар назарынан тыс қалмады. Еркін Шәкірұлының жүргізуімен күн сайын сағат 19:00-де @muftiyatkz инстаграм парақшасы мен МУФТИЯТ ҚМДБ YouTube арнасында «30 күннің берекесі» атты рухани-танымдық бағдарлама жарыққа шығып жатыр. Әр күнгі эфир ертесінде «Халық арна» телернасынан көрсетілуде» деді.

Ал «MUFTIYAT» баспасының директоры Мұрат Әбдіхалықов жиында Ихсан ілімі бағыты бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. «Осы айда ҚМДБ-ға қарасты Қарағанды өкілдігінің ұйымдастыруымен «Рухани кемелдік және ораза құндылықтары» кітабы 1000 данамен, Ақтөбе облысы өкілдігінің жетекшілігімен Рамазан айына орай «Оразаға қатысты 150 сұрақ» атты кітапша қазақ және орыс тілдерінде 17 000 данамен «Муфтият» баспасынан жарық көрді.  Сонымен қатар сайттарда, республикалық, облыстық, аудандық газеттерде, ихсан іліміне қатысты 316 мақала жарық көрді. Әлеуметтік желілерде 665 жазба-инфографика, 609 уағыз-дәрістер таспаланып, желілерге салынды. Сондай-ақ онлайн, офлайн 173 іс-шара (дөңгелек үстел, семинар, кездесулер) өткізілді» деп атап өтті Мұрат Әбдіхалықов.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру