Құрбан айт: мерекеде жамағат мешітке ұлттық киіммен келді

27 мамыр 2026 18 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасына сәйкес биылғы Құрбан айт мерекесінде жамағаттың мешітке ұлттық киіммен келуіне ерекше мән берілді.

Аталған игі бастама Астана қаласы өкілдігіне қарасты мешіттерде де кеңінен қолдау тауып, айт намазына жиналған жамағат қазақы нақыштағы ұлттық киімдерімен келді. Бұл көрініс мерекенің ажарын ашып қана қоймай, халқымыздың мәдени мұрасы мен салт-дәстүріне деген құрметтің жарқын үлгісіне айналды.

Ислам діні мен қазақ халқының дәстүрі ғасырлар бойы сабақтасып, бір-бірін толықтырып келеді. Сондықтан ұлттық киіммен мешітке келу – тек сыртқы сән-салтанат емес, ата-баба аманатына адалдықтың, ұлттық болмысты қадірлеудің және рухани құндылықтарды ұлықтаудың белгісі.

Құрбан айт – мұсылмандарды мейірімге, татулыққа және бауырмалдыққа үндейтін ұлық мереке. Осындай игі күндері ұлттық киім кию арқылы жамағат мерекелік көңіл күйді сезініп қана қоймай, өскелең ұрпаққа қазақы құндылықтарды дәріптеудің өнегесін көрсетті.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру