Құрбан-2021 қорытындысы: ҚМДБ 99 254 жанұяға құрбандық етін үлестірді (ФОТО)

24 шілде 2021 4696 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елдегі пандемия жағдайына байланысты екінші жыл қатарынан қашықтан құрбан шалу жобасы жүзеге асырылды.

20-22 шілде аралығында өткен мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт күндері Qurban2021.kz сайты арқылы толықтай онлайн және кей өңірлерде жартылай дәстүрлі форматта құрбан шалынды. Осыдан бір ай бұрын мерекеге орай арнайы құрылған жұмыс штабы құрбан шалу рәсімдерін республика көлемінде ұйымдастыруды қолға алып, бүгінде жүйелі жұмысын сәтті аяқтап отыр.

Қорыта айтсақ, еліміз бойынша Құрбан айт күндері Qurban2021.kz сайтына 2 901 тапсырыс берілсе, 9 317 мұқтаж отбасыдан ет алу жөнінде өтініш келіп түскен. Республика бойынша 981 штаб құрылып, 146 қасапханада 691 қасапшы тапжылмай жұмыс істесе, 1450 көлік пен 3 034 ерікті жұмылдырылды. 

Еліміз бойынша онлайн және кейбір өңірлерде дәстүрлі форматта өткен құрбан шалу рәсімі барысында жалпы саны 17 221 мал сойылса, оның 14 804-і – қой, 823-і – ешкі, 1573-і – сиыр, ал түйе саны – 21. Осылайша 714 тонна ет 99 254 отбасыға дін қызметкерлері және еріктілердің көмегімен жеткізіліп берілді. Құрбандық еті арнайы мекемелерге де таратылғанын айта кеткен жөн. Мәселен кейбір өңірлерде мүгедектер қоры, зағиптар қоры, жетімдер, балалар үйлері мен ардагерлерге еріктілер құрбан етін есігінің алдына дейін апарып берді.

Осы орайда ҚМДБ және барша дін қызметкерлері, имамдар құрбан шалу рәсіміне атсалысқан барша ақжүрек азаматтарға, жаны жомарт кәсіпкерлер мен еріктілерге шексіз алғысын білдіреді. Еліміз індет пен түрлі ауыртпашылықтан аман болып, жылдан есен айттан айтқа жете бергей! Алла Тағала бізден және сіздерден қабыл етсін! 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру