ҚҰРАНҒА ТҮСКЕН ӘЙЕЛ ШӘКІРТТЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ (ФОТО)
Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің Құранға түскен әйел шәкірттеріне «Құранмен қауышу» шарасы өткізілді. Құран әліппесі мен тәджуид ережелерін үздік аяқтаған 45 шәкіртке мешіт ұстаздары қасиетті Құран кітабын сыйға тартты. Бұл жолы сыйлықты табыстау Құран оқу тобының шәкірттеріне берілді.
Топ жетекшісі ұстаз Зарина Шамидуллақызының бастамасымен шәкірттерге естелік тәж кигізілді. «Құранды толық жаттаған қаридың ата-анасына жәннатта тәж кигізіледі. Бүгінгі ырым етіп таққан тәжіміз қияметте Құран жаттаған қариларға берілер тартуға ұлассын!», – деді ол.
Мешіт ұстаздары Әсел Дүйсебекқызы мен Мухлиса Сайдулақызы шәкірттерге бүгінгі шараның мән-маңызын түсіндіріп, діни білім жолындағы алғашқы белестерімен құттықтады. Құран оқудың пайдасы мен сауабы жайында насихат айтып, ізгі тілектерін білдірді.
Салтанатты рәсім соңы шағбан оразасының ауызашар дастарханына ұласты.
Дереккөз: Muslim.kz