«ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ ҺӘМ ИХСАН ІЛІМІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТУДЕ (ФОТО)

03 қараша 2022 2994 0
Оқу режимі

Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Яссауи һәм ихсан ілімі» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтуде.

Конференция жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Ибраһим Иномов (онлайн), Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Абибилла ажы Қыдырбердиев (онлайн), белгілі ғалым, профессор Досай Кенжетай, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәмшедин Керім, PhD доктор Мұхан Исахан т.б. ғалымдар мен имамдар, ал өзге аймақтардағы дін қызметкерлері онлайн режимде қатысуда.

Конференцияда баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Құдіреті күшті Алла Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі – ихсан ілімі. Егер мұсылман адам ихсан ілімінің шынайы болмысын түсінсе, рухани жан-дүниесі кемелденіп, иман байлығына қол жеткізеді.

Ихсан ілімі әуелі Аллаға иман келтіру, бұйырған амалдарын орындау, тыйым салған нәрселерінен бойын аулақ ұстаудан басталады. Ихсан – сен Алланы көрмесең де Алла сені көріп тұрғандай амал жасау деген сөз. Ізгі ғұламаларымыз «Ихсан ілімінің алғашқы сабағы ренжітпеуден басталып, соңы ренжімеумен аяқталады» деген екен.

Өздеріңізге мәлім, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері еліміздегі мұсылман жамағатына ихсан ілімін дәріптеп келеді. Біз осы бастама аясында «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын шығардық. Сайып келгенде, біздің мақсатымыз – дәстүрімізбен бітеқайнасқан дінімізді, әдет-ғұрпымызды дәріптеп, жастарды бабалар салған сара жолмен жүруге үндеу» деп атап өтті.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру