ҚМДБ ЖАНЫНАН «АУДАРМАШЫЛАР АЛҚАСЫ» ҚҰРЫЛДЫ
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан «Аудармашылар алқасы» құрылды.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы төрағалық еткен жиынға елімізге белгілі аудармашы ғалымдар мен исламтанушы мамандар қатысты.
Қадірменді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды деген болатын.
Осы мақсатта құрылып отырған аудармашылар алқасы дәстүрлі дінімізді насихаттау, діни-ағартушылық бағыттағы аударма жұмыстарын жетілдіру, қазақ тіліндегі сапалы діни әдебиеттер қорын көбейту және оқырманға мазмұны терең, сенімді еңбектер ұсынуға бағытталған.
Сондай-ақ, жиын барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:
«Қазіргі таңда рухани бай мұрамызды жүйелеу, оны қоғамға түсінікті әрі сенімді түрде жеткізу – аса маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Әсіресе, жаһандану дәуірінде сан түрлі ақпарат көздері көбейген уақытта, халқымызға асыл дініміздің шынайы мазмұнын дұрыс әрі дәл жеткізу – үлкен жауапкершілік.
Классикалық еңбектерді қазақ тіліне аудару арқылы дәстүрлі ислам ілімін бұрмаланудан сақтап, дұрыс түсінікті қалыптастырамыз», – деп атап өтті.























Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі