ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ТАСҚЫН СУДАН ЗАРДАП ШЕККЕН ТҰРҒЫНДАРҒА НАСИХАТ АЙТТЫ (ФОТО)

08 сәуір 2024 1308 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына барған сапарында Қостанай ауданында тасқын судан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, насихат айтты.

«Ешбір пенде, тіпті пайғамбарлар да өзін қасырет пен қиыншылықтардан сақтандыра алмайды. Себебі сынақтарды беретін де, одан сақтайтын да жалғыз Алла! Бұл жайлы Құранда «Тағабун» сүресінің 11-аятында: «Басқа келген әр жамандық Алланың рұқсатымен ғана болады...» делінген.

Сабырлық адамға сенім ұялататын, болашаққа үмітпен қарауға, пендеге қажыр мен қайрат беретін ең бір ізгі қасиет болғандықтан, әр кез басқа түскен қиыншылыққа сабырлық танытуға ұмтылайық. Бұл қиыншылықтарға да мойымай, ел басына туған сынақты бірге еңсеретінімізге сенеміз. Алла Тағала қауіптің бетін қайтарып, халқымызға қалыпты өмір нәсіп еткей» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, «Зекет және қайырымдылық» қоры су тасқынынан зардап шеккен 300 отбасыға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік себетін үлестірді. Сонымен қатар мүфтият атынан ыстық тамақ берілді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру