ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ТАНЫМАЛ СПОРТШЫЛАРМЕН СҰХБАТТАСТЫ (ФОТО)

08 қазан 2022 2530 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елімізге танымал спортшылармен кездесті.

ҚМДБ-ның Алматы облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен табиғат аясында өткен еркін пікір алмасу форматындағы басқосуға Қазақстан жекпе-жек өнері қауымдастығының вице-президенті Сәрсен Құранбек, белгілі спорт шеберлері – Ардақ Назаров, Бейбіт Ыстыбаев, Данияр Қасқарауов, Нұрбақыт Теңізбаев, Руслан Әбдіразақ, Алмат Кебіспаев, Дархан Әшіров, Жанқош Тұраров, Арман Әшімов т.б. чемпиондар қатысты.

Бас мүфти басқосуда еліміздегі мұсылман қауымының, оның ішінде ел намысын әлемдік деңгейде қорғап жүрген  спорт шеберлерінің рухани бірлігін нығайтудың, бауырмашылдықты арттырудың маңызын айрықша атап өтті.

«Баршамыздың мақсатымыз ортақ. Ортақ мақсатымызға жету үшін ең әуелі өз арамызда бірлік пен бауырмалдық қасиетті бекем етуіміз қажет. Бауырмашылдық – Алла Тағаланың мұсылман үмбетіне берген ұлы нығметтерінің бірі. Алла үшін бауыр болғандардың арасында дүниелік мақсаттар мен жекке мүдделер көзделмейді. Өйткені, Алланың разылығы көзделген істе ықылас пен шынайы амалдар жүзеге асады. Алла Тағала көк туымызды көкте желбіретіп, тәуелсіздігімізді баянды етсін», – деді басқосуда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Спортшылар кездесуге ұйытқы болған дін қызметкерлеріне алғыс айтып, Діни басқарма бастамаларын қолдайтынын жеткізді.  

Кездесуден кейін чемпиондар гір тасын көтеру, садақ ату, белтемірге тартылу сынды спорт түрлерінен күш сынады. Бас мүфти жеңімпаздарды дипломмен марапаттап, кәде-сый тарту етті.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру