ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ШЕТЕЛДІК ДЕЛЕГАЦИЯНЫ ҚАБЫЛДАДЫ (ФОТО)

15 қыркүйек 2023 2108 0
Оқу режимі

Бүгін Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «HALAL EXPO-2023» халықаралық көрмесі аясында Шетелдік халал стандарттау және сертификаттау орталықтары басшыларын қабылдады.

Кездесуде халал стандарты мен сертификаттау мәселелері талқыланды.

«Халал мен харам ұғымы қанша ғасыр өтсе де, өркениет, технология қарыштап дамыса да, өзгермек емес. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде бұған қатысты үкім бекітіліп қойған. Астың адалдығы алдымен оны қандай жолмен тапқанға байланысты болса, екінші сипаты оның құрамына қатысты. Сіздер халал стандартымен жұмыс істейтіндіктен оны өте жақсы білесіздер. Құрлықтағы, судағы қай жануардың еті мен сүті, тіпті терісіні дейін халал ма, харам ба, бұл жөнінде мәлімет көп. Құран-хадистерде ол ашық айтылған. Қазіргі таңдағы тағамдарға қатысты маңызды мәселе – тамақ өнеркәсібінің жұмыс процесі. Яғни, тағамға қосылатын ет өнімінің қандай жануар және оның шариғат жолымен сойылуы, дәмін, түсін, түрін өзгертетін түрлі қоспалардың құрамының таза болуы маңызды. 

Жәй көзге көріне бермейтін тағам құрамындағы тазалыққа мән беріп, «халал» таңбасының жауапкершілігін, мұсылман жамағатының аманатын арқалап жүрген баршаңызға Алла разы болсын. Өздеріңізбен халал саласындағы бірлескен жұмысымызды жалғастыра береміз» деді Бас мүфти.

Өз кезегінде шетелдік меймандар ҚМДБ Төрағасына халықаралық көрмеге шақырғаны үшін алғыс білдіріп, осы салада бірігіп іс атқаруға уағдаласты.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру