ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ МЫСЫР ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

21 мамыр 2024 1044 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ибтиссам Ракха Ахмед Хасан ханыммен кездесті.

Кездесуде екі ел арасындағы тарихи-мәдени һәм рухани саладағы қарым-қатынас сөз болды. Елшіні Қазақстандағы жаңа миссиясының басталуымен құттықтаған ҚМДБ Төрағасы игі ниетін жеткізіп, жұмысына сәттілік тіледі.

«Біздің Сұлтан Бейбарыс бабамыз өз заманында Ислам дінін өркендетуге сүбелі үлес қосты. Бейбарыс бабамыздың әлемдік деңгейдегі тұлғасы екі елдің тарихи байланысының алтын тұғырына айналды. Сонымен қатар бүгінде «Нұр-Мүбәрак» университеті екі елдің діни саладағы алтын көпіріне айналды. Біздің халқымызда: «Елдестірмек – елшіден» деген нақыл сөз бар. Сіз бауырлас елдердің байланысын арттыруға оң ықпал етуге күш-қайратыңызды жұмсай бересіз деген сенімдемін» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу соңында тараптар діни ағарту, білім саласындағы өзара әріптестік байланысты арттыруға уағдаласты.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру