ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ МЕДРЕСЕ ШӘКІРТТЕРІНЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ (ФОТО)

23 қыркүйек 2022 2988 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Павлодар облысындағы жұмыс сапарына сай «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі шәкірттерімен кездесіп, дәріс оқыды.

Бас мүфти білім жолындағы жастарды жігерлендіріп, ұлтты сүю, салт-дәстүрді сақтау, елге қызмет, ата-анаға құрмет жайлы насихатын жеткізді.

«Білім алу, оның ішінде діни білім аламын деп келген талпыныс-ниеттеріңе Алла сауаптан жазсын! «Оқу – инемен құдық қазғандай» деп суреттеледі. Оның қиындығы көп. Осы жолда бірнеше жыл талмай ізденсек қана, табысқа жетеміз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу мұсылман ер мен әйелге – парыз», – деп білім алудың діндегі орны ерекше екенін ескерткен. Сондықтан біздің ғылым-білім үйреніп, білгенімізді басқаларға үйретуіміз – парыз. Себебі хадистерден жеткендей, білімді жаю – Алла жолында жасалған үлкен садақа. Сонымен қатар білім – бақыттың кілті, жәннатқа жетелейтін үлкен нығмет» деген Наурызбай қажы Тағанұлы білімнің маңызына тоқталды. Бас мүфти кездесу соңында шәкірттермен еркін әңгіме құрып, медресеге тарту жасады.

Айта кетейік, Павлодар облысында ҚМДБ-ға қарасты «Әбу Бәкір Сыддық» медресесі жұмысын жалғастырып келеді.  2020 жылы медресе-колледж болып мемлекеттік лицензиясы жаңартылды. Қазіргі уақытта «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжінде жалпы 49 шәкірт білім алып жатыр. Биылғы 2022-2023 оқу жылында 9-сыныптан кейін 41 бала құжат тапсырып, 30 талапкер оқуға қабылданды. Қазіргі таңда 1 курста – 30 студент, 2 курста – 4 студент, 3 курста – 7 студент, дуальды оқуда 9 адам (аудан, ауыл имамдары) білім алуда.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру