ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ӘЙЕЛ ҰСТАЗДАРДЫ МЕРЕКЕЛІК МЕДАЛЬМЕН МАРАПАТТАДЫ

25 қараша 2026 79 0
Оқу режимі

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйел-қыздар секторының құрылғанына 10 жыл толуына орай мерекелік марапаттау кеші өтті. 

Салтанатты жиынға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, діни бағытта еңбек етіп жүрген ұстаздарға құрмет көрсетті.

Бас мүфти алдымен он жыл ішінде сектордың еліміздегі әйел-қыздардың діни сауатын арттыру, қыз балалар тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында атқарған жұмыстарына тоқталды.

«Осы уақыт ішінде қаншама қыз-келіншек діни білім алып, қаншама шәкірт Құран үйреніп, қаншама отбасы рухани тағылыммен сусындады. Ең бастысы, дініміздің асыл құндылықтарын әйел жамағатына жеткізіп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан тұтас бір ұстаздар буыны қалыптасты.

Бүгінде еліміздің 20 өңіріндегі мешіттерде 293-ке жуық әйел ұстаз қызмет атқарады. Олар Құран Кәрім, хадис және Пайғамбарымыздың өнегелі өмірі бойынша дәрістер өткізіп, әйел жамағатының діни сауатын арттыруға үлес қосып келеді», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Мерейтой аясында бірқатар ұстаз ҚМДБ-ның арнайы медалімен марапатталды. Олардың қатарында «Нұр-Сұлтан» мешітінің ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызы, ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Алматы қаласы бойынша жауапты жетекшісі Гүлмира Ілесбайқызы, Қызылорда облысы бойынша жауапты жетекшісі Ләззат Ахметқызы, Түркістан облысы бойынша жауапты жетекшісі Еңлік Мұратқызы және Шымкент қаласы бойынша жауапты жетекшісі Балжан Асылханқызы бар.

Сонымен қатар, осы бағытта еңбек етіп жүрген тағы 16 ұстаз Бас мүфтидің қолынан алғыс хат алды. Наурызбай Тағанұлы барлық марапат алған ұстаздарға ризашылығын білдіріп, алдағы жұмыстарына береке тіледі.






















​

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру