ҚМДБ: Еgov.press сайтында жарияланған онлайн петицияға қатысты мәлімдеме

27 қаңтар 2022 3264 0
Оқу режимі

Құрметті мұсылман қауым!

Онлайн петицияларға арналған egov.press деп аталатын cайтта Азамат Торыбаев есімді автор «ҚМДБ мешіттерін Қазақстан бюджетінен қаржыландыруын талап етеміз!» деген тақырыпта петиция жариялаған екен. Сондай-ақ бұл мәселені ел Президенті ертең сағат 21:52-де шешетіні жайлы жалған ақпарат беріліпті.

Сайтта жарияланған жазбада «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мешіттерін Қазақстан Республикасы бюджетінен қаржыландыруын талап етеміз! Қазіргі уақытта Үкіметтен ешқандай қайыр жоқ, жарық, газ, су шығындарын халық ақша жинап төлеуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мешіттері мен медреселеріне бюджеттен қаржы бөлуді талап етеміз» дей келе, осы жазбаны барынша көбірек таратып, БАҚ-та жариялауды ұсыныпты.

Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталған петицияға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеп, өзінің келіспеушілігін білдіреді. ҚМДБ республикалық ислами діни бірлестігі – Қазақстан мұсылмандарының ерікті бірлестігі. Діни басқарма Үкіметтен ешқандай қаржыландыруды талап етпейді.

Сондықтан жамағатты түрлі алыпқашпа, арандатушы жазбаларға сенбей, ҚМДБ-ға қарасты ресми ақпараттарды Діни басқарманың muftyat.kz ресми сайтынан алуға шақырамыз.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру