Қажылық-2019: атқарылған іс-шаралар есебі (ФОТО+ВИДЕО)

06 қыркүйек 2019 6398 0
Оқу режимі

 І. БАСҚАРУ-БАҚЫЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША

2019 жылдың басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Қажылық миссиясының құрамын бекіткен болатын. Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бұйрығымен наиб мүфти Алау Шайқымұлы Қажылық миссиясының төрағасы болып бекітілді. Ал ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев миссияның төраға орынбасары болып тағайындалды.

Миссия жанынан Уағыз-насихат тобы (жетекшісі – Алтынбек Ұтысханұлы), Пәтуа беру тобы (жетекшісі – ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов), дәрігерлер тобы (жетекшісі – жоғары санатты дәрігер, Медицина ғылымның кандидаты Біржан Досмаилов), Ақпарат тобы (жетекшісі – ҚМДБ «Хикмет» телерадиостудиясының тілшісі Еркін Шәкірұлы) құрылды. Миссия құрамына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан Д.Нұрбаев енгізілді.

Миссия мүшелері екі топқа бөлініп, Қазақстан қажылары орналасқан Мекке мен Мадинадағы қонақүйлерді аралап, отандастарымыздың жағдайымен танысты, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Тексеру барысында қажылардың денсаулығы, уағыз-насихат, түсіндірме жұмыстарының жүргізілуі, қонақүйдің асханасы, ас мәзірі, ондағы тазалық, көліктердің уақытылы жүріп-тұруы т.б. мәселелерге баса назар аударылды. Сонымен қатар ҚМДБ мен Қажылық министрлігінің қойған талаптарының орындалу барысы тексерілді. Кездесу кезінде 18 фирма жетекшілері мен дәрігерлеріне тиісті тапсырмалар берілді.

ІІ.УАҒЫЗ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША

Қазақстан Қажылық миссиясы жанындағы Уағыз-насихат тобының ұйымдастыруымен қажылар арасында 20 күнде 260 тақырып қозғалып, 19 754 адам қамтылған. Биыл ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қажылыққа баратын имамдар мен қажылық кезінде айтылуы тиіс уағыздардың тақырыбын өзі бекітіп берген болатын. Осылайша 18 уағызшы 3200 қажыны толық қамти алды. Одан бөлек миссиямен бірге барған білікті ұстаздар да жиылған жамағатқа уағыз айтты.

ҚМДБ Аппарат басшысы Ғ.Мәжиевтің «жүргізілетін уағыздар бірізді болуы тиіс» деген ұсынысына орай, жұмыс та сол тәртіппен жүрді. Еліміздің әр аймағынан іріктеліп алынған имамдар алдымен емтихан тапсырды. Іріктеуден өткендер ғана биыл Қасиетті мекенге барып қайтты.

Одан бөлек Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлының жетекшілігімен биыл алғаш рет «Қажылық уағыздары» мен «Қажылықта айтылатын дұғалар» атты қосымша көмекші кітаптар дайындалып, барлық қажыларға үлестірілді. Уағызшыларды бастап барған Алтынбек Ұтысханұлы күн сайын атқарылған іс-шаралардың есебін WhatsApp желісі арқылы алып, атқарылған жұмыстардың есебін ортақ топқа жолдап отырды. Уағызшылардың қатарында елімізге танымал ұстаздар Сансызбай Құрбанұлы, Әбдіғаппар Сманов, Ризабек Батталұлы, Қабылбек Әліпбайұлы, Хасан Аманқұлов, Ерсін Әміре сынды білікті имамдар болды. Одан бөлек тұңғыш рет 20 күнге 20 уағыз топтастырылып, бейнекамераға таспаланды.

Енді кей компанияларда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталсақ. Қажылық фирмалары арасында «Atlas Tourism» ЖШС 11 күнде 19 тақырып қамтылып, 1790 адам қатысқан. «Хикмет Тревел» 8 күн ішінде 7 тақырыпқа уағыз айтылып 673 адам қатысқан. «Нұр-Қазақстан» ЖШС 14 күнде 19 тақырып қамтылып, 2634 адамға уағыз айтылған. Ал қамтылған негізгі тақырыптарға тоқталсақ «Қажылық - теңдессіз құлшылық», «Мекке қаласының тарихы», «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Мекке кезеңі», «Ихрам халіндегі амалдар», «Қажылықтың шарттары», «Қабыл болған қыжылықтың сыйы - жаннат», «Тауаф жасаудың маңыздылығы» сынды т.б. тақырыптар бойынша уағыз айтылды. Жұмыс барысында дəстүрлі емес діни көзқарастағы тұлғалардың үгіт жасауына жол бермеу мəселесі жіті қадағаланды.

ІІ. ПӘТУА БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША

Қазақстан қажыларына 200-ден астам пәтуа берілді. Қажылыққа қатысты діни терең сұрақтар ауызша, жазбаша қойылды. Сонымен қатар, WhatsApp желісі арқылы да пәтуа сұрағандарға уақытылы жауап берілді. Сұрақтардың дені ихрам хəлінен шығу, шайтанға тас ату, еттеккір жағдайында қажылық өтеу, тауап жасау, Мина мен Мұздалифа аймағында түнеу, намазды қысқартып оқу, т.б. қажылық рүкіндері мен парыздарына қатысты қойылды. Пəтуа беру тобының жетекшісі Медет Құрсақов аталған сауалдарға дер кезінде жауап берді.

IV.ЕМДЕУ-САУЫҚТЫРУ ШАРАЛАРЫ БОЙЫНША

Отандастарымыз Қасиетті мекенге аттанбас бұрын менингитке қарсы екпе (вакцинация) салдырған болатын. Ал елден қажылық сапарға барған 3200 қажының денсаулық жағдайына бақылау жасау, дәрігерлік көмек көрсету миссия құрамындағы үш дәрігер және 18 фирманың өз дәрігерлеріне жүктелді. Қажылық сапардың соңына дейін 2170 қажы дәрігерлік көмекке жүгінді. Дәрігерлік топ Мекке мен Медина қалаларында қатар қызмет көрсетті. Енді науқастардың жағдайын таратып айтсақ:

Гипогликемиялық кома - 1 жағдай (Мина қаласында есін жоғалту, шетелдік азамат, көмек берілді);

Күн өту (күннің соққысы) - 4 жағдай (инфузионды терапия жүргізілді); Жедел респираторлы вирустық инфекциялардың асқынуы (бронхит пен обструктивті бронхит) - 5 жағдай (инфузиялық және антибиотикалық терапия жүргізілді);

ИБС.Стенокардия ФК 2. - 1 адам

Азқазанның ойық жарасының өршуі, асқазан-ішектен қан кету - 1 жағдай Квинке ісігі - 1 жағдай (инфузионды терапия жүргізілді)

Гипертониялық криз 4 жағдай (инфузионды терапия жүргізілді)

Аурулардың ішінде ең көп кездескені жедел ресрираторлық вирусты инфекция 1337 адам;

550 адамда аяқтың әр түрлі қажалулары тіркелді;

Жүрек қантамыр жүйесі аурулары 255 адамда, көбісінде қан қысымының жоғарылауы болды;

Асқазан ішек жолдары ауруларымен 110 адам, мұның 25-де бұрынғы өздеріндегі созылмалы ауруларының өршуі байқалды;

Тірек қимыл аппараты аурулары 92 адамда;

Аллергиялық дерматит 26 адамда ;

Сонымен қатар қант диабетімен 4 адам, бронх демікпесімен 7 адам бақылауда болды.

Бір адам жедел аппендецитпен ауруханаға жеткізіліп, дер кезінде дәрігерлік көмек алды. Бір адам жол апатына ұшырап, шұғыл түрде жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, барлық зерттеулер жасалып, жеңіл дәрежеде бас ми жарақаты, дене жарақаты диагнозымен ем тағайындалды. Ең бастысы қажыларға дәрі дәрмектер жеткілікті болды. Парызын өтеушілер елге аман-есен оралды.

V.АҚПАРАТ ТАРАТУ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША

Қажылық миссиясы Ақпарат тарату тобы 50-ден астам жаңалық таратты. «Асыл арна» телеарнасы, «КТК», «Қазақстан» ұлттық арнасы, Атамекен бизнес арнасы, 31 арна арқылы көрерменге қажылық турасында ақпараттар берілді. Бірнеше мәрте тікелей эфир қосындары жүзеге асты. Одан бөлек еліміздегі Tengrinews.kz, Nur.kz, Sputnik.kz, Kazinform, Kazislam, Aiqyn, Inbusiness, Muslim.kz сайттарына ақпараттар уақытылы шығып тұрды. Сондай-ақ ҚМДБ қарасты «Хикмет» телерадиостудиясына дер кезінде #Қажылықкүнделігі деген атпен материалдар жарияланды. Басты жаңалықтар Діни басқарманың ресми сайтына шықты.

VI.ҰЙЫМДАСТЫРУ-ҮЙЛЕСТІРУ ІС-ШАРАЛАРЫ БОЙЫНША

Мекке қаласында Қажылық миссиясының төрағасы Алау Шайқымұлының жетекшілігімен ұлық сапарды ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстарына қатысты арнайы алқалы жиын өтті.

Жиналысқа ҚР Жидда қаласындағы Консулдығының басшысы Талғат Шалданбай, ҚМДБ Аппарат басшысы, миссия төраға орынбасары Ғылымбек Мəжиев, Қоғамдық даму министрлігінің өкілі Досымжан Нұрбаев, қажылық компанияларының жетекшілері, жолбасшы (гид) мамандар, имамдар мен журналистер қатысты.

Жиында дәрігердің жұмысы, жолбасшы (гид) мамандардың қызметі, қонақүйлерде санитарлық талаптардың сақталуы, қажыларға түсіндірме жұмыстардың жүргізілуі, діни рәсімдердің дұрыс орындалуы, азаматтардың денсаулығы, жол-көлік қауіпсіздігі, т.б. мәселелер жан-жақты талқыланды.

Ресми жиналысты ашқан наиб мүфти Алау Әділбаев фирма жетекшілеріне мүфтият пен Қажылық министрлігінің талаптарын ыждаһаттылықпен орындау қажеттігін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Жидда қаласындағы Консулдық басшысы Талғат Рақымқұлұлы қажылық сапарының ұйымдастыру жұмыстарына елшілік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Ал ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы фирма жетекшілері мен имамдарға дәстүрлі емес діни көзқарастағы тұлғалардың уағыз айтуына жол бермеуді тапсырды.

Қоғамдық даму министрлігінің өкілі Досымжан Нұрбаев та уәкілетті орган тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

Жиын соңында Қажылық миссия басшылары фирма жетекшілері мен имамдарға тиісті тапсырмалар берді.

Мекке қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқарма атынан 200 қажыға дастархан жайылды.

Іс-шараға наиб мүфти Алау Әділбаев, Қажылық миссиясының мүшелері, Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы Талғат Шалданбай, Өзбекстан Бас мүфтиінің кеңесшісі, қажылық фирмаларының жетекшілері, уағыз-насихатқа жауапты имамдар қатысты.

Алғашқы сөз алған ҚМДБ Төраға орынбасары Алау Шайқымұлы Бас мүфтидің дұғай сəлемін жеткізіп, ізгі ниеті мен тілегін білдірді.

Консулдық жетекшісі Талғат Рақымқұлұлы қажыларға ұлы сапарда сабырлық пен төзімділік тіледі.

ҚМДБ Шариғат жəне пəтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлының əсерлі уағызы қажылардың жүрегін тебірентті.

Шара соңында ақсақалдар бата беріп, алғысы мен жылы лебізін жеткізді.

Мекке шаһарының іргесіндегі арапат аймағында Орталық Азияның дін ғұламалары мұсылман үмбетінің игілігі мен бірлігі үшін дұға жасады. ҚМДБ тарапынан ұйымдастырылған «Бір мезетте – бір ниет» шарасына 300-ден аса қажы қатысты.

Қазақстан делегациясын бастап барған наиб мүфти, Қажылық миссиясының төрағасы Алау Әділбаев Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың ыстық сəлемін жеткізді.

Арафатта тұрып наиб мүфти, Қажылық миссиясының төрағасы Алау Шайқымұлы, белгілі ұстаз Әбдіғаппар Сманов, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов, Қабылбек Әліпбайұлы бастаған дін қызметкерлері еліміздің игілігі, халқымыздың амандығы мен тыныштығы үшін, сонымен қатар ұл-қыздарымыздың иманды, ибалы, инабатты болуын сұрап, дұға жасады.

Қажылық рәсімдерінен кейін парызын өтеушілер Мәдина қаласында болып, пайғамбар мешіті мен қасиетті орындарды зиярат етті.

Осылайша Мекке мен Мәдинаға аттанған 3200 отандасымыз елге дін аман оралды. 24-тамыз күні қажылардың соңғы легі Шымкент әуежайына қонды.

Дереккөз: muftyat.kz

Пікірлер Кіру