«Қари болғым келеді» кітабы жарық көрді (ФОТО)

16 шілде 2021 4133 0
Оқу режимі

Алматы қаласында исламтанушы, «Байкен» мешітінің ұстазы әрі «Балапан қари» орталығының жетекшісі Малика Айтжанқызының «Қари болғым келеді» кітабының танытымы өтті.

Тағылымды іс-шараға ҚМДБ-ның Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, Алмалы аудандық «Төле би» мешітінің бас имамы Ерсін Әміре, Нұр-Мүбарак университетінің оқытушылары Бауыржан Әлиұлы мен Құрманғазы Садыбаев қатысты.

Алматы қаласының бас имамы, қари Төлеби Дәділұлы: «Қасиетті Құран – Алланың сөзі. Алла Тағаланың сөзін толық жаттау – исі мұсылманның арманы екені сөзсіз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәрифінде: «Адамдардың ең жақсысы – Құранды жатқа білген, Алланың дінін жақсы түсінген, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған және туған-туыспен қарым-қатынасы өте көркем болған жан» деген. Аллаға шүкір, бүгінде елімізде қарилыққа ниет етіп, Құран жаттауға ықылас танытушылардың қатары күннен күнге артып келеді. Бұл – өте қуанарлық жайт. Тек осы мақсатта табандылық, сабырлық пен ықылас керектігін баса ескергеніміз абзал. Жаттаудың көптеген әдіс-тәсілдері мен артықшылығы қамтылған бұл кітап, қалың оқырмен үшін әсіресе, Құран жаттап, қари атанғысы келетін ынталы қауымға пайдалы болады деп сенемін» деген жылы лебізін білдіріп, кітап танытымын ашып берді.

Кітапта еліміздегі 6 қаридың пікірі берілген. Оның бірі – Құраннан 5 қырағат иесі, қари Ерсін Әміре.

«Қари болғым келеді» кітабы Құран жолында, оны үйрену, үйрету арқылы үмбеттің ең қайырлысы болу жолында сіздерге шамшырақ болады деп үміттенемін. Алла Тағаладан осы еңбекті жазған қазақ тіліндегі алғашқы авторына, сондай-ақ мұсылман үмбетінің екі дүниесіне қайырлы, пайдалы болуын сұраймын» деді Ерсін қари.

Малика Ергешованың «Қари болғым келеді» кітабы жалпы оқырман қауымға, әсіресе Құран үйреніп, оны басқаларға үйретемін деушілерге арналған.   Аталмыш еңбекте Құранның уахи болып түскен сәтіндегі жаттау ерекшеліктері туралы, қазіргі уақыттағы әлемдік қарилық әдістемелері ұсынылған. Одан өзге болашақ қариларға пайдалы ақыл-кеңестер де қамтылыпты. Тағы айта кетерлігі, кітапқа ҚМДБ сараптама секторының оң қорытындысы берілген.

Аталған шарадағы қонақтар қатарында ұстаз, дін мамандарынан өзге өнер азаматтары мен блогерлер де болды. Солардың бірі, әнші Мөлдір Әуелбекова: «Өзім орамал атты тәжімді таққаныма бір жылдан аса уақыт болды. Иманды күшейтетін, рухани кештер өзіме ұнайды. Өз басым «Қари болғым келеді» кітабына аса қызығушылық таныттым. Себебі, баламның, інілерімнің қари  болғанын қалаймын. Осы кешке автордың шақырғанына қуаныштымын. Малика ұстазға кітаптың әр оқылған әр әрпіне сауаптан жазсын деймін.Әр отбасыда Құдай қаласа бір емес, бірнеше қаридан болуын тілеймін. Ұстаздарымыз бен осындай кітаптарымыз арқылы иманды, салиқалы ұрпағымыз тәрбиелене берсін!» деген лебізін білдірді.

Шара қортындысында кітаптың авторы, «10000 қари дайындап шығарсам» деген арманы бар Малика Айтжанқызы өзі үш жыл тәрбиелеген шәкіртіне, Құранды толық жаттап, қари атанған құрметіне орай ресми түрде тәжін кигізіп, куәлігін табыстады.

Әр шаңырақта Құранға амал етуші қарилар көп болсын!

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру