Қарағанды: Рухани мәуліт кеші өтті

05 қараша 2022 2616 0
Оқу режимі

Қарағанды қаласында облыс бас имамы Естай Айтуғанұлының ұйытқы болуымен рухани Мәуліт кеші болып өтті.

Қарағанды облысы бойынша күллі жамағатқа дастархан жайылған берекелі жиынға зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, ақсақалдар, бүкіл өкілдікке қарасты дін қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Алдымен облыс бас имамы рухани шараға жиналған көпшілікті мүбәрак мерекемен құттықтап, Мәуліттің маңызына тоқталды.

Белгілі термеші Дидар Хамиев пен имамдар мәуліт жырын жырлап, пайғамбар өмірінен сыр шертті. Жамағат арасында сұрақ-жауап ойындары ұйымдастырылып, көпшілік қауымға Мәуліттен сарқыт ретінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының басшылығымен жарыққа шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітап сыйға үлестірілді.

Елімізге танымал уағызшы Тілекқабыл Амангелді пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі мен екі дүние сардарын жақсы көрудің маңыздылығы жайында ғибратқа толы уағыз-насихат айтты.

Бұдан бөлек жамағат арасында Ұмра қажылығына жолдама ойнатылып, мұсылманның басты құлшылықтарының бірі саналатын кіші қажылық жолдамасын бағы жанған медресе шәкірті қанжығасына байлады.

Берекелі кештің құрметіне арналған тосын сыйлар мұнымен аяқталған жоқ. Қарағанды облысына қарасты Сарышаған кентінде асыл дініміздің өркендеуі үшін қажырлы қызмет атқарып, медресенің іргетасын қалап жатқан аймақ имамы Мақанов Сабит Базарбайұлы «Іскер имам» атанып, 500 000 теңге көлемінде арнайы сертификатты иеленді.

Кеш соңында бас имам мәуліт мерекесіне қатысып, атсалысқан жандарға алғысын айтып, өз ризашылығын білдірді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру