Қала бас имамы «Әс-Сәлам» мешітінде көшпелі отырыс өткізді
Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған өкілдік қызметкерлері елордадағы «Әс-Сәлам» мешітіне барып, көшпелі отырыс өткізді.
Кездесу барысында дін қызметкерлерімен мешіт жұмысына қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, діни-ағартушылық бағыттағы жұмыстарды күшейту, жамағатпен байланысты нығайту, жастар тәрбиесіне көңіл бөлу және ҚМДБ жариялаған «Ислам және адал қоғам» жылы аясындағы жобаларды жүйелі жүзеге асыру жайы сөз болды.
Сонымен қатар мешіт қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы, қызмет сапасын арттыру және ішкі тәртіп мәселелері де назардан тыс қалмады. Қала бас имамы дін қызметкерлерінің жауапкершілігі мен халықпен тығыз байланысының маңызын атап өтті.
Астана қаласы өкілдігінің бас есепшісі Қайрат Қасенов мешіттің бухгалтерлік құжаттарымен танысып, қаржылық жұмыстардың жүргізілу барысын саралады. Ал өкілдіктің іс-басқарушысы Жанділлә Мамытханұлы әкімшілік-шаруашылық бағыттағы жұмыстарды пысықтап, тиісті ұсыныстарын жеткізді.
Өз кезегінде мешіттің бас имамы Дастан Зияшұлы мешітте атқарылып жатқан рухани шаралар, жамағатпен жүргізіліп отырған жұмыстар мен әлеуметтік бастамалар жөнінде мәлімет берді.
Кездесу соңында мешіт ұжымына алдағы қызметтеріне табыс тілеп, ел игілігі жолындағы еңбектеріне береке тіледі.






Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі