Пайғамбарға лайықты үмбет болайық

18 қазан 2021 3961 0
Оқу режимі

Қадірлі мұсылман қауым!

Сіздерді ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айы – Мәуліт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Алла Тағала баршамызға Пайғамбар шапағатына бөленуді нәсіп еткей. Әр шаңыраққа құт-береке тілеймін. Мәуліт мүбәрак болсын!

Исі мұсылман баласы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айын асыға күтіп, рухани басқосуларда Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтады. Мұндай игі дәстүр біздің елде де бірнеше жылдан бері жалғасын тауып келеді.

Асыл дінімізде тойланатын кез келген мереке ізгілік пен құлшылыққа, қайырымдылық пен жақсылыққа үндейді. Алла елшісінің дүниеге келген айында орындалатын амалдар мұсылман баласын тақуалыққа тәрбиелейді.

Мәуліт – отбасылық мереке. Қасиетті Мәуліт айында отбасымызға ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі туралы насихат айтып, Алла елшісіне салауат жолдап, қарияларға құрмет көрсетіп батасын алу, балаларымызды қуанышқа бөлеу – мерекенің сәні мен мәнін арттыратын сауапты амалдар.

Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда: «Аллаға шын мәнінде тәуекел етіп, Ақырет күнінен үміт етем деушілер үшін және Жаратқанды жиі-жиі еске алатын жандар үшін Алланың елшісі керемет өнеге бола алады», («Әл-Ахзаб» сүресі, 21-аят) – деген.

Расында, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты үмбет болуға ұмтылған мұсылман үшін оның өмірінен алар өнегелер көп. Соның бірі – мейірімділік. Бұл туралы Құранда: «(Уа, Мұхаммед) Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп жібердік», («Әнбия» сүресі, 107-аят) – деп баяндалған. Бір сахаба Алла елшісінен дін дұшпандарына теріс дұға жасауды сұрағанда: «Мен лағынет етуші емес, рақым етушімін», – десе, тағы бірде: «Мен бүкіл әлемге рақым, тақуа жандарға һидаят етіп жіберілгенмін» деген өсиетін қалдырған.

Пайғамбар жолын ұстанған мұсылман қашан да айналасына мейрім танытып, шуағын шашып жүреді. Бес күндік өткінші өмірде бір-біріміздің көңілімізге қаяу түсірмей, керісінше жылы сөзімізді арнап, жылулық сыйлап, ағайын-туыс бауырларға, барша адамға дұға жасап, тілеулестік ниетімізді білдіріп жүргеніміз абзал.

Мәуліт айында барынша сауапты істерге ден қойып, құлшылық жасап, Алланың разылығын алуға асығайық. Әсіресе, Хақ елшісіне көбірек салауат жолдауды ұмытпайық.

Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілік оның сүннетін берік ұстаумен, күнделікті ісіміз бен сөзімізде оның бізге қалдырған өсиетін басшылыққа алумен өлшенбек.

Алла Тағала өзіне лайықты құл, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты үмбет болуды нәсіп еткей. Әмин!     

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру