Павлодар сапарының қорытындысы: Келелі кездесулердің нәтижесі (ФОТО)

18 маусым 2020 4551 0
Оқу режимі

Жуырда Бас мүфти Павлодар облысына ресми сапармен барды. ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының Кереку өңіріне жасаған сапары облыс әкімдігінен басталды. Бас мүфти Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Бақтыбайұлымен кездесіп, өңірдегі діни ахуалды талқылады.   

«Павлодар облысындағы діни ахуал менің жіті назарымда. Қазір бұл өңірде 96 мешітіміз бар. 96 мешітте 132 дін қызметкері жұмыс істейді. Осы ретте, біріншіден, дін қызметкерлерінің ақпараттық-насихаттық жұмыстарына әкімдік тарапынан қолдау көрсетілсе деген тілегім бар. Өйткені, халыққа дұрыс діни ақпарат тарату – баршаға ортақ іс. Екіншіден, имам-молдалардың діни білімі мен тәжірибесін арттыру бағытындағы шараларымызға да қолдау көрсетілсе игі іс болар еді.  Біздің мақсатымыз ортақ: халықтың игілігі мен бірлігі үшін қызмет ету. Алла Тағала ортақ мақсаттағы жұмысымызға жар болсын» деді Бас мүфти.

Өз кезегінде облыс әкімі Әбілқайыр Бақтыбайұлы дін қызметкерлерінің білімін арттыру, жастар арасында діни ағартушылық шараларды жүргізу, дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау жұмыстарында ынтымақтастықты арттыруға ниет білдірді. Басқосуда киелі өңірдің төл перзенті, ғұлама Мәшһүр Жүсіптің мұрасы мен өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығы сөз болды. Бас мүфти мен облыс әкімі осы бағытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Осы кездесуден кейін Бас мүфти Павлодар қаласы «Достық үйінде» өткен ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің көшпелі ХХV мәжілісіне төрағалық етті. Кеңес жұмысын ашқан Наурызбай қажы Тағанұлы: «Санаулы мерзім ішінде Ғұламалар кеңесі пәрменді институт ретінде қалыптасты. Өзекті діни мәселеде қоғам арасында «Ғұламалар кеңесінің ұстанымы қандай? Қандай пәтуа шығарады екен?» деген сауалдар жиі айтылады. Бұл – сіз бен біздің атқарған ауқымды еңбегіміз бен жанқиярлықпен жасап жатқан жұмыстарымыздың жемісі. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, халқымыз елең-алаң күй кешкен сәтте біздің ғұламалар онлайн режимде маңызды құжаттарды талқылап, қажетті пәтуалар қабылдады. Бұл пәтуаны жамағат дұрыс қабылдап, біздің Үндеуге мойынсұнып, бірлігін көрсетті» деп атап өтті.

Кеңестің кезекті мәжілісінде «Жүлделі жарыстарға қатысты шариғат үкімі», «Мұсылман емес адамға кешірім сұрап, дұға ету үкімі», «Импорт арқылы әкелінген ет үкімі», «Әйелдің махрамсыз қажылыққа бару үкімі», «Мешіттің құбыласына қатысты үкім», «Спирт қосылған тағамдардың, тәттілердің үкімі», «Жылжымайтын мүліктен зекет беру үкімі» сынды пәтуалар қабылданды.

Түстен кейін ҚМДБ Төрағасы «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде қала, аудан имамдарына дәріс оқыды. Бас мүфти білім – иманның, кішіпейілдіктің, көркем мінездің, мейірімділіктің сауыты екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, елді жақсылыққа шақыратын бірден-бір исламдық бірлестік – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы екенін жеткізді.

Алла Тағала «Әли-Имран» сүресінің 110-аятында: «Сендер елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю үшін шығарылған қайырлы үмбетсіңдер», – дейді. Дінге қызмет – Пайғамбар жолы. Бұл – ұлы миссия. «Біз, дін қызметкерлері осы ұлы миссияны жалғастырушы тұлғалармыз. Ендігі мақсат, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиет еткендей, осы жұмысымызды жақсы көріп, дінге, елге қызмет етуде тиянақтылық таныту. Әр ісімізді кәсіби түрде орындауға кірісейік. Ортақ мақсат ісінде жұмыла жұмыс істейік» деді. Кездесу соңы сұрақ-жауапқа жалғасып, еркін сұхбатқа ұласты. Жүздесуден кейін елдің игілігі үшін дұға жасалды.

Қайырымдылық – ҚМДБ-ның негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Бас мүфти бұл бағытқа қашан да маңыз беріп, дін қызметкерлерін адамның алғысын алып, Алланың разылығына бөленуге үндеп келеді. Наурызбай қажы Тағанұлы Кереку сапарының екінші күнінде, яғни қасиетті жұмада 100 отбасыға арнайы сыйлық үлестірді. Сонымен қатар Баянауыл ауданы Майқайың кентінде тұратын жалғысбасты, көпбалалы ана Кәсіп Хинаятқа екі бөлмелі үйдің кілтін табыстады.

«Адам баласы үшін баспананың орны ерекше. Ол – шаршағанда тынығатын, құлшылық жасап, дұға ететін, бала-шағаңмен қауышып, қуанышқа бөленетін, қонақ күтіп, батасын алатын мекенің. Сондықтан осы үйді игілік жолында пайдалануларыңызға тілектеспін. Осы отбасыға қолдау білдіріп, қуанышын еселеген барша азаматқа Алла разы болсын айтамын. Жасаған қайырымдылықтың қайырын өздеріңіз көріңіздер» деді.

Наурызбай қажы Тағанұлы өңірлерге жасаған сапарында киелі мекендерге арнайы барып, асыл дінімізді насихаттауға сүбелі үлес қосқан ғұламалардың кесенесін зиярат етіп, Құран бағыштайды. Осы дәстүрмен Бас мүфти Баянауыл ауданында орналасқан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесін зиярат етті. Ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы, асыл дінімізді насихаттауға өлшеусіз үлес қосқан Мәшһүр Жүсіп ғұламаның рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Сондай-ақ ғұламаның мұражайын аралап, өмірі мен еңбегімен етене танысты. Зиярат барысында Наурызбай қажы Тағанұлы құрбан шалып, Жаратқаннан жұртымызды жұқпалы індеттен сақтауды сұрады. Алла Тағала ел игілігі үшін жасалған дұға-тілектерді қабыл еткей!

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру