Нұр-Сұлтан орталығындағы күмбездің жаңа эскиздері жарияланды (ФОТО)

03 қыркүйек 2020 4946 0
Оқу режимі

Нұр-Сұлтан сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы елорданың орталығындағы сулы-жасыл желек бульварын күмбезбен жабу жобасының жаңа эскиздерін көрсетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Басқарма басшысы Нұрлан Оранхаевтың айтуынша, әзірше инвесторлар бұл жобаға толыққанды кіріспеген. 

"Бүгінде құрылыс индустриясы технологиялық тұрғыдан өскені соншалық, мұндай жобаларды салуға болады. Біз "Хан Шатырға" барамыз, бұл да үрмелі күмбез. Оған ешкім мән бермейді. Бірақ мұнда тұрғындар үшін үлкен кеңістіктер бар. Бизнес өз ақшасын бөледі, қауіп-қатерді есептейді және мұны жасауға болады деп санайды. Неге болмасқа? Қыста, тіпті, минус 40 болмаса да, мұндай ғимаратта серуендеу қызықтырақ. Бұл қызық жоба", - деді Нұрлан Оранхаев.

Нұр-Сұлтандағы сулы-жасыл желек гүлзарын күмбезбен жабу 2017 жылдың ақпанында ұсынылған. Сол кезде Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БАӘ-де инвесторлармен кездескен. Сәулетшілердің жоспары бойынша бульвардың бәрі шатырмен жабылады, бұл ең қатты аязда да қолайлы микроклимат жасауға мүмкіндік береді.

Жазда күн сәулесіне кедергі келтірмеу үшін шатырды бір-бірінен алшақтайды деп жоспарланған.

БАӘ-дегі кездесу кезінде Calatrava Grace Corporation компаниясының бас директоры Микаэль Калатрава (Сантьяго Калатраваның ұлы) компания бас сәулетші ретінде ғана емес, инвестор ретінде де жұмыс істеуге ниетті екенін айтқан. Сол кезде Микаэль Калатрава компанияның өз қаражатынан 15 пайызға дейін бөліп, бастапқы IPO арқылы қосымша қаржы тартуды жоспарлап отырғаны туралы түсіндірген. Осылайша, бұл жобаны жүзеге асыруға ел бюджетінен бір теңге де жұмсамау жоспарланған болатын.

2017 жылдың 27 қарашасында Нұрсұлтан Назарбаев елордада әйгілі испан сәулетшісі Сантьяго Калатравамен кездесу кезінде жабық даңғыл идеясы туралы айтқан.

"Менің ойымша, орталықтағы осы тұрғын ауданда тұрғындар үйінен шешінбей немесе киім ауыстырмай шығатын жабық даңғыл болады. Мұнда дүкендер, мәдени іс-шаралар, бәлкім мектептер, және Торонто және басқа қалалардағыдай тұрғындар сонда серуендейді, бір-бірімен сөйлеседі. Сіз осы жобаны қолға алып, жүзеге асыруға ниет білдірдіңіз", - деген еді Назарбаев 2017 жылы.

Нұрлан Оранхаев инвесторлар жобадан бас тартпағанын атап өтті. 

Calatrava Grace Corporation компаниясының сайтында Қазақстандағы көпфункционалды жүргіншілер дәлізінің эскизі жарияланды. Оның ұзындығы - 2,2 шақырым, 200 мың шаршы метр. Компания әзірлеуші ​​және қосалқы демеуші ретінде жұмыс істейтіні көрсетілген. Сайттағы мәліметтер бойынша, келісім сомасы - бірінші кезеңде 330 миллион доллар.

Пікірлер Кіру